пятница, 26 апреля 2024 г.
icon
444.22
icon
476.38
icon
4.82
Алматы:
icon
9oC
Астана:
icon
10oC
1xadv
×

Жүрегін «лабиринтке» айналдырған ақын

Батысқазақстандық жас ақын Талғат Мықи - айтыс өнерінде де, жазба поэзияда да өзіне ғана тән ерекшеліктерін байқатып жүрген ақынның бірі, деп хабарлайды NewTimes.kz тілшісі.

Жақында Орал қаласында халықарылық «Шабыт» шығармашылық фестивалінің лауреаты болып табылатын Талғат Мықидың «Лабиринт жүрек» атты эстрада-поэзиялық кеші өтті.

Кеш барысында жастар сыршыл поэзия тұңғиығына бойлап қана қоймай, езу тартып, көңіл де көтеді. «Назар аудар» жайдарман тобының жігіттері жастар арнап әдемі әзіл, қағытпа қалжың өрбітті.

Поэзия кешінің шырайын кіргізген жанның бірі – Алматыдан арнайы келген Әбдіжаппар Әлқожа. Әнші ақынмен шығармашылық тығыз байланыста болғалы бірнеше өлеңіне музыкасын өзі жазған. «Арай қыз», «4:44», «Ана, әкеге рахмет» әндерінің тарихын айтып, сүйсіне шырқады. Кештің жаңалығы ретінде Орынбек Меңдіқұловтың «Бұрымды қыз» әнінің тұсауын кесті. Орынбек – Талғаттың ізін басып келе жатқан талантты бозбаланың бірі. Оның шығарған әндері бүгінде қазақ жастары арасында «хит» болып тарауда. Мәселен, «Махаббатсыз бұл өмірде кім сүрмек?!» әні той-думан сәніне айналды. Орынбектің «Бәрі рас», «Күз бен қыз», «Түлектер сағынышы» атты әндерін де Әбдіжаппар шырқады. Бұл кеште атыраулық әнші-композитор Тәуірбек Бозекенов бейне-сәлемдеме арқылы Талғат Мықидың сөзіне жазылған «Ғашықтың ғазалы» әнін шырқап берді және ақынның өлең жинақтарын Алматы жастары сүйсіне оқығанын әңгімеледі.

Жүргізушілер сахнада Талғат Мықимен жарасымды сұхбат құрды. Шағын сұхбаттан көпшілік Талғаттың елге белгілі ақындар Есенғали Раушанов, айтыскер Бекарыс Шойбеков, Мұхтар Ниязовтарды ұстаз тұтатынын білді. Өмірлік басты мұраты – Алланың адал құлы болып өту. Сұхбаттан кейін ақын туған елге, анасына және өнерге деген іңкәрлік туралы өлеңдерін оқыды.

«Мейірімің таулардан алып екен, Аңсағанда тауларды жарып өтем» деген Талғат кештің басты қонағы - анасы Гүлайым апайға бір құшақ гүл сыйлағаны көпті әсерге бөледі. Бүлдіршін ұлы Мұстафа әкесінің асыл жарына арнаған өлеңін оқып, ол да анасына гүл сыйлады.

«Талғат – жазба поэзияның төл перзенті. Оның өлеңдерінен Мұқағалидың мұңы, Төлегеннің сағынышы, Фариза ақынның қиып түсер өткірлігі, Ғайсағали ағаның нәзік те сыршыл лиризмі молынан кездеседі», – деген Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры, белгілі ақын Бауыржан Халиолла БҚО мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасының басшысының құттықтау хаты мен орталық атынан сый-сияпат тапсырды.

Ернар ХАЙДАР,

Орал қаласы

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0