суббота, 27 апреля 2024 г.
icon
444.22
icon
476.38
icon
4.82
Алматы:
icon
8oC
Астана:
icon
6oC
1xadv
×

Оралда бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті

Орал қалалық халықты жұмыспен қамту орталығының көмегімен биылғы жыл басынан бері 287 жігіт пен қыз жастар практикасына, 48 адам кәсіптік оқытуға жолданса, 62 жан әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілді. Бұл туралы Орал қаласында өткен «Жастарға – жұмыс!» атты бос орындар жәрмеңкесінде айтылды, деп хабарлайды NewTimes.kz тілшісі.

Орал қалалық халықты жұмыспен қамту орталығы мен БҚО жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы бірлесіп ұйымдастырған жәрмеңке жоғары және арнаулы орта оқу орындарын бітіруші түлектер мен жұмыссыз жастарға арналды.

Шара барысында «Дипломмен ауылға», «Жастар тәжірибесі» бағдарламалары, кәсіп ашу, тұрғын үйге қол жеткізу мүмкіндіктері, электрондық еңбек биржасы жөнінде тегін кеңестер беру бұрыштары да жұмыс жасады.

«Жәрмеңкеге 45 жұмыс беруші шақырылып, олар 300-ге тарта бос жұмыс орнын ұсынды. Сонымен қатар аудандардан да 200-ге жуық ваканция бар. Жәрмеңке қорытындысы мамырдың ортасында белгілі болады. Талдау нәтижелері көрсетіп отырғандай, жәрмеңке арқылы жұмыссыздардың шамамен 40 пайыздайы тұрақты кәсіп табады. Жалпы бұл жақсы көрсеткіш. Тұрғындардың кейбірі жалақы мөлшеріне мән берсе, екіншілері жұмыс уақтының өзіне ыңғайлы болғанын қарастырады. Әр адамның талғамы әр түрлі», — дейді аталмыш орталықтың сектор меңгерушісі Нұржан Аткешов.

Бос жұмыс орындарын ұсынған мекемелер арасында «IT Group Kazakhstan» компаниясы да бар.  Компания өкілі Маргарита Пахиреванің сөзіне қарағанда, олар сауда-саттық менеджері қызметіне жұмыс өтілі жоқ дипломды жастарды да қабылдауға әзір. Ал экономист, қаржыгер мамандығын алған жастардың бойындағы жұмыс жасауға деген ынта-жігерге, жауапкершіліктеріне мән беріледі. Кеңсе менеджері қызметіне де сондай жігерлі мамандар қажет. Жас мамандардың біліктілігін шыңдауға компания жете назар аударады. Бұл мекеме мұндай жәрмеңкеге жиі қатысып жүр. Себебі компания қанатын кеңге жайып келеді, сондықтан көптеген маман қажет.

«Шапағат» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына невропотолог, психиатр, ортопед, педиатр дәрігерлері, массажист керек. Орталықтың кадр бөлімінің инспекторы міндетін атқарушы Әсел Ғабдуллинаның айтуынша, мекемеде дәрігер тапшы. Мұндай жәрмеңкенің жиі болғаны олар үшін тиімді. «Шапағатта» ерекше балаларға қызмет көрсетілетіндіктен, негізінен жұмыс өтілі бар мамандар қажет әрі іріктелініп алынады.

Айта кетейік, бұл шара - биыл Орал қаласында жоспарланған алты жәрмеңкенің екіншісі. Бос жұмыс орындарын ұсынатын келесі жәрмеңке кеңейтілген түрде маусым айында өтеді.

Ернар ХАЙДАР,

Орал қаласы  

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0