четверг, 25 апреля 2024 г.
icon
443.85
icon
474.3
icon
4.8
Алматы:
icon
17oC
Астана:
icon
7oC
1xadv
×

Еліміздің намысын қорғайтын оралдық жастардың саны артуда

Орал қаласын үш өзеннің қоршап жатуы Жайық жастарының су спортына жақын өсуіне мүмкіндік беріп отыр. Сондай спорт түрінің бірі - академиялық ескек есу, деп хабарлайды ИА «NewTimes.kz».

1960 жылы негізі қаланған академиялық ескек есуді бүгінде 80-ге жуық оралдық жас өздеріне серік етіп келеді. Мұндағы білікті бапкерлердің арқасында олардың біразы республикалық жарыстарда топ жарып, әлемдік деңгейдегі сайыстарда ел намысын қорғап жүр. Мәселен, ұлттық құрама сапына кіретін, халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері болып табылатын Григорий Феклистов, Евгений Татцей, Данил Савченко сынды жігіттер таяуда Шымкентте өткен академиялық ескек есуден ел кубогында барлық бағдарлама бойынша үздік атанды. Айта кетейік, мұндай жетістікке батысқазақстандық ескекшілер бұрын-соңды жеткен емес. Олар жекелей, жұптық және командалық есулерде алдарына жан салған жоқ. Енді бұл жігіттер шілденің соңында Кореяда байрағын көтеретін Азия кубогы мен тамызда Индонезияда болатын Азия ойындарында еліміздің абыройын асқақтатпақшы. Сонымен қатар Иван Матвиенко, Иван Черухин, Валерия Стармоусова мен Эленора Калитовалар да жақсы өнер көрсетті.

Академиялық ескек есу бойынша БҚО-ның аға жаттықтырушысы Эдуард Лапшиннің сөзіне қарағанда, Григорий Феклистов, Евгений Татцей, Данил Савченко 23 ақпаннан 16 мамырға дейін Алмания елінде болып, неміс құрама командасының сапында оқу-жаттығу шараларына қатысып келген. Соның нәтижесінде қоржын медальға толып, БҚО құрамасы ҚР кубогін иеленді. Жалпы өңірде аталмыш спорт түрінің тарихында ескекшілер үш айдай мерзімге алыс шетелге барып ешқашан жаттығып көрген емес. Оның үстіне академиялық ескек есу спорты Алманияда өте жақсы дамыған. Жалпы облыстағы академиялық ескек есу спортына мемлекеттік қолдау болып, материалдық-техникалық база жақсарса, облыстың да, еліміздің де намысын абыроймен қорғайтын оралдық жастардың саны артатыны анық.

Ернар ХАЙДАР,

Орал қаласы

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0