суббота, 20 апреля 2024 г.
icon
446.49
icon
475.38
icon
4.79
Алматы:
icon
20oC
Астана:
icon
18oC
1xadv
×

БҚО-ның үздік жас механизаторы анықталды

Таяуда Зеленов ауданының орталығында «Үздік жас механизатор» атты Батыс Қазақстан облыстық байқауы өтті, деп хабарлайды NewTimes.kz тілшісі.

Жұмысшы мамандықтардың дәрежесі мен мәртебесін арттыру, кәсіптік-техникалық білім беру саласына ерекше көңіл бөлу және еңбек нарығына бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауды мақсат еткен шараға Ақ Жайық өңірінің барлық ауданындағы кәсіптік колледждерде механизатор мамандығына оқып жатқан студенттер қатысты.

Байқаудың ашылу салтанатында сөз алған БҚО білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырованың айтуынша, бұл шара «WorldSkills Kazkhstan» өңірілік чемпионатының жалғасы ретінде ұйымдастырылып отыр. Ауыл жастарының еңбек мерекесінде кәсіптік колледж студенттерінің даярлық деңгейлері бағаланып, өндірістік оқыту шеберлерінің біліктілік дәрежелері айқындалады.

«Механизатор – ауыл шаруашылығы саласындағы ең маңызды мамандықтардың бірі. Аудан-ауылдарда бұл кәсіп иелеріне деген сұраныс жоғары. Дегенмен бүгінгі таңда тракторларды негізінен орта және аға толқын өкілдері жүргізіп жүргені аян. Сол себепті өңірімізде жастардың осы мамандыққа деген ықылас танытуы көңіл қуантады», — деді Зеленов аудандық мәслихатының хатшысы Рамазан Исмағұлов.

Екі күнге созылған жас механизаторлар сайысының алғашқы күні қатысушылар тест тапсырып, теориялық білімдерін сарапқа салса, екінші күні алған білім-біліктерін тәжірибе жүзінде көрсетті.

Екіге бөлінген студенттердің бірінші тобы трактор рөліне отырса, екіншілері жер жыртты. Яғни трактор тізгіндегендер техниканы орнынан қозғап қана қойған жоқ, түрлі маневрлар жасап, арба тіркеу, боксқа кіргізу сынды қиын тапсырмаларды да орындады. Ал, жер жыртушылар болса, берілген аумақтағы орынды өлшеп, сонда жер жыртудың әдіс-тәсілдерін көрсетті.

Тартысты өткен байқау қорытындысында негізінен жергілікті жастар өздерінің осал еместігін дәлелдей білді. Яғни Зеленов ауданының Рубежин колледжінің атынан сынға түскен Дарын Темірболатов «БҚО-ның үздік жас механизаторы» атанса, Зеленов колледжінің студенті Игорь Новеньков 2-орын алды. Ал алғашқы үшті  Ақжайық аграрлық-техникалық колледжінің студенті Әлішер Омар түйіндеді.

Ернар ХАЙДАР,

Батыс Қазақстан облысы

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0