пятница, 26 апреля 2024 г.
icon
444.22
icon
476.38
icon
4.82
Алматы:
icon
8oC
Астана:
icon
12oC
1xadv
×

Батысқазақстандық жас кәсіпкердің бағындырған белестері

Ақ Жайық өңіріндегі ауыл-аймақтарда да іскер арулар саны артып келеді. Қазталовтық Индира Әлібекқызы солардың қатарынан ойып тұрып орын алады, деп хабарлайды NewTimes.kz.

Ер-азаматтармен иық теңестіріп, кәсіптің дарасын  таңдаған  іскер жас бүгінгі таңда үш кәсіптің иесі атанып жүрген жайы бар.

Осыдан 28 жыл бұрын Жалпақтал ауылында өмірге келген Индира Әлібекқызының негізгі мамандығы – заңгер. 2009 жылы жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін зейнетақы жинақтау қорында, №2 Орал қалалық сотында еңбек етті. Дегенмен, бұл қызметтер өзіне қол емес екенін түсініп, өз ісін бастағысы келді. Сөйтіп «Іскерлік байланыс»,  «Бизнес бастау» жобаларына қатысып, түрлі курстарда оқыды. Осылайша кәсіпкерлік саласына батыл қадам басты.

2015 жылы «Әлібекова» жеке кәсіпкерлігін ашып, балаларға ағылшын, орыс тілдері мен ментальды арифметиканы үйретуге ден қойды. Жаз айларында ауылдағы ұл-қыздың бос жүрмей, есептеудің қыр-сырын үйреніп, тіл сындыруына  көмегін  тигізді.

Көп кешікпей жолаушылар тасымалын қолға алды. «Бақыт Транс» ЖШС-ын ашып, бүгінде «Жалпақтал – Жаңажол», «Жалпақтал – Қараөзен», «Қараөзен – Қазталов» бағыттары бойынша жолаушы тасымалын жүзеге асыруда. Әзірге қатынаста екі аутобус болса, алдағы уақытта олардың қатары тағы қос техникамен толықпақшы. Сонымен қатар жақын күндері «Жалпақтал – Ақпәтер» бағытына да аутобус шығармақ.

Жастық жалыны жалындаған ару өткен жылы тағы бір жаңа кәсіпті бастады. «Қараөзен ауылы» атты ауыл шаруашылығы кооперативін құрып, қой өсіруге ден қойды. Сөйтіп ерлермен қатар нәзік жандылар да күрделі шаруаны дөңгелете алатынын дәлелдеді.

Болашақта ауылішілік таксилердің жұмысын заңдастырып, диспетчерлік бөлім ашуды жоспарлап жүр. Сонымен қатар жүн қырқатын құрылғы алу да ойында бар. Егер бәрі іске асса, жүн экспортымен айналыспақшы.

Бүгінде сегіз адамды жұмыспен қамтып отырған Индира – екі баланың анасы. Үш бірдей кәсібі, отбасының тірлігі, балаларының тәрбиесі оған бос уақыт қалдырмайтыны белгілі. Дегенмен, іскер ару қайырымдылық жұмыстарынан да тыс қалып жатқан жоқ. Олардың ішінде мереке күндері жолаушыларды тегін тасымалдау, мүмкіндігі шектеулі жандарға, балаларға жеңілдіктер жасау, сонымен қатар көп балалы, кіріс-табысы аз отбасыларға жәрдем беру сынды қайырымдылықтар бар.

«Адамда алдымен айқын мақсат болуы шарт. Сонда ғана діттеген мақсатыңа жетуге болады. Елімізде кәсіпкерлікті дамытуға берілген мүмкіндік көп. Ендеше, осы қолдауды біз, жастар барынша пайдалануға тиіспіз», — дейді Индира Әлібекқызы.

Ернар ХАЙДАР,

Батыс Қазақстан облысы

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0