Алдағы уақытта, Қызылорда облыстық кәсіподақтар орталығы аймақтағы ұжымдарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы құқықтық сауаттандыру саласында жұмыс жасамақ.
Бұл туралы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудағы еңбек ұжымдарының рөлі» тақырыбындағы облыстық кәсіподақ орталығы мен салалық кәсіподақтар ұжымының қатысуымен өткізілген семинарда айтылды.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті және «Қызылорда облысының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігімен өткізілген семинар барысында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары бойынша хабарламалар жасалып, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын тежейтін сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру әрбір кәсіподақ мүшесінің басты міндетіне айналуы тиіс екендігі жеткізілді.
Бүгінгі таңда, Қызылорда облысында 90 мыңнан астам кәсіподақ мүшелері бар. Олар аймақтағы еңбекке қабілетті азаматтардың үштен бірін құрайды.
Семинар қорытындысымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша ықпалдастық пен ынтымақтастық туралы екі жақты Меморандумға қол қойылды.