Шымкент республикалық маңызы бар үшінші мегаполис мәртебесіне ие болғалы қалада айтарлықтай өзгерістер орын ала бастады. Ашылып жатқан нысандарды айтпаған күннің өзінде шаһарға инвестициялар тарту жұмыстары жандануда. Ал, сингапурлық тілші, баспасөз клубының құрметті хатшысы Сантош Кумардың айтуынша, осы мәртебеден кейін Шымкент Қазақстанның инновациялық және инвестициялық орталықтарының біріне айналмақ.
Жергілікті БАҚ өкілдеріне сұхбат берген маман Шымкенттің экономикалық тұрғыдан да дамитынына сенімді. Шымкент тек Қазақстанның ғана емес бүкіл Орталық Азияның экономикалық тұрғыдан дамуына септігін тигізеді
«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Шымкентке ресубликалық деңгейдегі қала мәртебесін беру жөніндегі шешімі маңызды қадам. Мен Шымкентте екі рет болдым. Бұл қала халқы өте қонақжай әрі бауырмал. Онда мейірімді де жарқын мінезді, түрлі идеяларды қолдауға дайын білімді азаматтар тұрады. Өз кезегінде бұл қалаға инвестиция тарту ісін жеңілдетіп, шаһарды инновациялық және интеллектуалды шешімдердің орталығына айналдыруға ықпал етеді», - деді ол.
С.Кумардың сөзінше, Шымкент Оңтүстік Қазақстанның дамуына жол ашатын қақпа іспеттес. Қаланың аумағы да үлкен, инфрақұрылымы да жақсы. Онда Қазақстанмен қатар бүкіл Орталық Азия аймағының экономикалық дамуына ықпал ететін алатын үлкен әлеует бар.
Еске салайық, Шымкентке үшінші қала мәртебесі 4 маусым күні Мемлекет басшысының жарлығымен берілді. Яғни, қала халқы миллион адамнан асуына байланысты Шымкент ОҚО-дан бөлініп, өз алдына дербес мегаполис атанып отыр. Ал, дәл осы күні Оңтүстік Қазақстан облысының атауы Түркістан деп өзгеріп, орталығы Түркістан қаласына ауысқан еді.