Ақжайық ауданындағы «Жасыл ел» еңбек жасағы таяуда өз жұмысын қорытындылады.
Аудандық жастар ресурстық орталығының кеңесші-консультанты Абзал Есіркепов айтып өткендей, биыл да «Жасыл ел» еңбек маусымы жоғары деңгейде өтті. Ақжайықтық жастары ауданның көріктендіру-абаттандыру жұмыстарына белсене қатысты. Ауданның әр ауылынан жиналған 100 жас Чапаев, Тайпақ, Бударин, Қарауылтөбе, Алмалы сынды ауылдардың орталық көшелерін, қоғамдық орындарын қоқыстан арылтып, шөп-шалаңдарын шапты. Сондай-ақ, талдардың ағаштарын бұтап, әлеуметтік нысандардың маңындағы гүлзарлар мен саябақтарды ретке келтірлі. Жайық өзенінің бойын қоқымнан тазартты. Сонымен қатар орман алқаптарында да жұмыс істеді.
Мәселен, Тайпақ орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің орман шаруашылығы инженері Айгүл Берікқызының айтуынша, «Жасыл ел» жастар еңбек жасағында екі кезеңмен жұмыс істеген 25 студент аталмыш мекемеге көп көмегін тигізді. Олар бір айлық жұмыс барысында 65 га орман алқабына жүргізілген патологиялық тексеру жұмыстарына қатысып, 120 га мемлекеттік орман қорын және 3,6 га демалатын орындарды тұрмыстық қалдықтардан тазартып, тұқым жинау жұмыстарымен айналысты. Бұл жұмыстарға аз қамтылған жанұядағы және жұмыссыз жастар жұмылдырылды. Осынау жұмыстарға 50 квота бөлінген болатын.
Биыл «Жасыл елге» алғаш қатысқан студенттің бірі - Инабат Мұрадымқызы. Оның сөзіне қарағанда, таза әрі жинақы ауылда өмір сүру – мақтаныш.
«Негізінен мен кішкентайымнан жұмыс істеп, анама көмекші болдым, — деді ол. — Адал еңбекпен келген нанның қадірін білемін. Бағдарламаның жастарға берері мол. Біз бұл жерден үйренгенімізді басқаларға үйретеміз. «Жасыл ел» деп аты айтып тұрғандай, республикамыздың көркеюіне үлес қосу – баршамыздың парызымыз».
Ернар ХАЙДАР,
Батыс Қазақстан облысы