Шыңғырлау ауданының Ақбұлақ (бұрынғы Тасмола) ауылында жастардың бос уақытын тиімді өткізуге жергілікті атқарушы билік жете мән беріп отыр.
Аталмыш аудандағы ең жас әкім болып саналатын, яғни тепсе темір үзер жастағы ауыл әкімі Асылхан Нұрышевтің айтуынша, жас ұрпақ өкілдерінің наз-тілектері назардан тыс қалып жатқан емес. Мәселен, көп жылдан бері ауылда ұялы байланыс болған жоқ. Былтыр ауылға әкім болып келген ол осы мәселені бірден қолға алды. Яғни «КарТел» компаниясының Оралдағы филиалына қайта-қайта барып, жыл соңында ауылға «Билайн» желісі орнатылды. Жастардың салауатты өмір салтын ұстануға мүмкіндік туғызу мақсатында биыл ауылда заман талабына сай спорт алаңы тұрғызылды. Енді мәдениет үйін салу бағытында жұмыстар жүруде. Бұл нысанның жобалық құжаттамасы дайын. «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты» жастар да қарап қалмай, ауылдың дамуына өз үлестерін қосуда. Мәселен, ауылдың жанынан өтетін Шіңішке өзенінің сағасының үстінен бөгет салуға көп көмек берді.
Жалпы Ақбұлақта 60 шақты жас болса, соның жарысына жуығы ауыл шаруашылғы саласында еңбек етуде. Солардың бірі - «Ақтау» шаруа қожалығына жетекшілік етіп отырған Берік Матаев. Отыздың «ауылын» алқымдап жүрген оның шаруашылығында 200-дің үстінде ірі қара және осы шамалас қой, 30 шақты жылқы бар. Қазір он шақты адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. «Мемлекет тарапынан берілетін демеуқаржылар бізге айтарлықтай көмек болуда,-дейді ол.-Алдағы уақытта асыл тұқымды мал алып, олардың санын көбейтуді көздеп отырмыз. Мал сою бекетін ашу да жоспарымызда бар. Соңғы екі-үш жыл бойы бақша салып, қарбыз, сәбіз, пияз ектік. Топырақ құнарлы болғасын, су келіп тұрғаннан соң жақсы өнім алдық. Алдағы қыс маусымына дайынбыз. Қажетті мал азығын шауып алдық, қораларымыз жылы. Қыстан қысылмай шығамыз деп ойлаймын».
Ал 22 жасар Айкөркем Қабидоллаева – ауылдағы жас маманның бірі. Фельдшерлік-амбулаториялық пункте медбике болып жұмыс істейді.
«Жасөспірім мен жастар денсаулығына жете мән береміз. Себебі олар қоғамның репродукциялық, экономикалық, әлеуметтік, саяси және мәдени резерві болып табылады ғой. Сондықтан түрлі медициналық тексеру, алдын алу шаралары кезінде олардың барынша толық қамтылуын қадағалаймыз. Осынау жұмыс жүйелі жолға қойылғандықтан шығар ауылымыздың жастары салауатты өмір салтын ұстанады, шымыр, денсаулықтары жақсы. Бұл біздің де еңбегіміздің зая кетпегенін көрсетсе керек»,— дейді ол.
Ернар ХАЙДАР,
Батыс Қазақстан облысы