вторник, 26 ноября 2024 г.
icon
498.51
icon
522.84
icon
4.81
Алматы:
icon
8oC
Астана:
icon
0oC
×

«100 нақты көмек»: Ақ Жайық ауыл жастарының жарқын ісі

Ақ Жайық өңіріндегі белсенді жастардың бірі – Қаратөбе ауданында. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған бұл ауылдағы жастардың ісі көпшілікке үлгі.

Әңгімеміздің әлқиссасын қайырымдылықтан бастайық. Қаратөбелік жастар бұл бағытта «100 нақты көмек» жобасын жасақтап, қазіргі қайырымдылық айлығы аясында біраз іс-шараны жүзеге асырды. Мысалы үшін айтсақ, ауданының 7 округінің  әрбірінде әлеуметтік жағдайы төмен бір отбасына көмек көрсетілді, ай соңына дейін әр ауылда тағы бір жанұяға жәрдем берілмекші. Ал Астананың 20 жылдығына орай аудан орталығындағы  20 отбасыға жастар азық-түлік себетін таратқан. Жоба аясында жыл басынан бері мекен-жайлық 38 көмек көрсетілген екен. Сонымен қоса, ай сайын жалғызбасты қарияларға жәрдем беріліп келеді. Аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы 2019 жылы жалғыз басты әжеге асарлатып үй салып беруді жоспарлап отыр.

Айта кетейік, аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық биыл ауыз толтырып айтарлық үлкен істі сәтті іске астырды. Жазда олардың ұйытқы болуымен «Достығымыз жарасқан!» форумы өтті. Сырым жəне Қаратөбе аудандары жастары басқосқан жиынға белгілі журналист-публицист, филология ғылымдарының кандидаты, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Əуесбайдың Қанаты арнайы шақырылды. Кездесу барысында жастар өздерінің мамандыққа қатысты көкейлерінде жүрген сұрақтарын қоя отырып, белгілі журналистің кеңестерін тыңдады. Кездесу соңында мәртебелі мейман ең ұтымды сұрақ қойған қатысушыға өзінің «Батыс көрген Ұлыбритания қазақтың көзімен» атты кітабын сыйға тартты.

Одан бөлек, орталықтың бастамасымен Егіндікөл ауылдық округіндегі Құныскерей үңгіріне QR-код тақтайшасы орнатылды. Бұл үңгір Батыс Қазақстан облысының киелі жерлеріне жатқызылатын болатын. Қаратөбе ауданының 90 жылдығы аясында жүзеге асқан аталмыш шара өңірде киелі орындарға қойылған алғашқы QR-код тақтайшасы. Аудан жастары 2019 жылға осындай тақтайшаны аудан аумағындағы басқа да киелі орындарға орнатуды жоспарлануда.

Ернар ХАЙДАР,

Батыс Қазақстан облысы

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0