Елімізде жастарға қатысты мәселе аз емес. Соған байланысты Елбасы Жолдауында 2019 жыл «Жастар жылы» деп жариялады. Бұл алдағы уақытта жас ұрпаққа қатысты көптеген мәселенің шешілуіне, жастардың мемлекеттің нақты қолдауын сезінуіне мүмкіндік береді.
Бұл туралы БҚО-ға жұмыс сапарымен келген ҚР Энергетика министрі, Елбасы Жолдауының негізгі міндеттерін түсіндіру бойынша құрылған республикалық ақпараттық топтың жетекшісі Қанат Бозымбаев мәлімдеді.
Облыс активімен болған жиын барысында сөз алған БҚО жастар ресурстық орталығының басшысы Мержан Әбілқастың айтуынша, келер жыл Жастар жылы деп жариялануы Жайық жастарына ерекше қуаныш сыйлады. Соған орай әлеуметтік желілерде жастардың бір-бірін құттықтап жатқанын жиі көруге болады. Облыстағы болашақ өкілдері де алдағы жылдан жаңа жобалар, жаңа мүмкіндіктер, жаңа белестер күтуде. Олар негізінен сапалы білімге, бәсекеге қабілетті маман атануға, жақсы жұмысқа орналасуға, отбасы құру мүмкіндігіне ие болу үшін баспанаға қолжеткізуге қатысты жобалар.
«Жастардың қажеттіліктеріне байланысты соңғы жылдары облысымызда коворкинг орталықтары ашылуда. Бұл орталықтар қалада ғана емес, аудан-ауылдар да жұмыс істеуде. Мәселен, өңірімізде 8 коворкинг орталығы болса, оның алтауы аудандарда. Алдағы уақытта олар қалған аудандар мен ЖОО-ларда да ашылмақшы. Одан бөлек, қалада да, ауылда да шағын футбол, волейбол, street work out сынды спорт түрлеріне арналған алаңдар саны көбеюде. Соған байланысты жастар арасында түрлі сайыстар ұйымдастырылуда. Бізде Studunion атты студенттік өзін-өзі басқару ұйымы бар. Бұл ұйым барлық ЖОО мен колледж студенттері көшбасшыларынан құралған. Жақында ұйым мүшелерімен Елбасы Жолдауын талқылау жиынын өткіздік. Студенттер өз пікірлерін білдіріп, ойларымен бөлісті. Қазір жастар арасында нақты ұсыныстар жинау жүргізілуде. Артынан оны тиісті мемлекеттік құрылымдарға ұсынамыз. Тұтас бір жылдың жастарға арналуы еліміздегі жастардың қал-жағдайын он жылға алға жылжытарына сенім мол», — деді Мержан Әбілқас.
Ернар ХАЙДАР,
Батыс Қазақстан облысы