вторник, 26 ноября 2024 г.
icon
498.51
icon
522.84
icon
4.81
Алматы:
icon
1oC
Астана:
icon
-4oC
×

Әлемнің үш дүркін чемпионы Ардақ Назаров Орал жастарымен кездесті

«Әрбір қызға қарындасымыздай қарайық». Таяуда Орал қаласына келіп, жастармен кездескен ережесіз жекпе-жек спорты бойынша әлемнің үш дүркін чемпионы Ардақ Назаров  дәл осылай деді.

Ұлттық тәрбие, салауатты өмір салты туралы жүрекке жылы тиетін әңгіме айтып, соңғы кезде көпшіліктің, әсіресе жастардың арасында үлкен беделге ие болған Ақ Жайық өңіріне сапары барысында спорт мектептерінде де болып, шеберлік сағатын өткізді.

Ал Оралдағы А.Островский атындағы облыстық драма театрда өткен басқосуға жастардың көптеп жиналғаны соншалық, ине шаншар орын болған жоқ. Рухани кеште Ардақ Назаровтың ата-ананы құрметтеу, іні-қарындасқа ізеттілік көрсету, ұл мен қыздың тәрбиесі  туралы айтқан сөздерін көпшілік ұйып тыңдады.

«Бүгінде қазақ қыздарының жеңілтектігіне қатысты әңгімелерді жиі естуге болады. Қаракөз қарындастарымыздың осындай жолға түсуіне  жігіттеріміздің де қатысы жоқ емес. Сол жігіттерге айтарым «сен біреудің қарындасын қатырып жүрсең, ертең сенің де қарындасыңа қиянат жасамасына кім кепілдік бере алады?!» Тіпті кейбірі «қазақта дұрыс қыз қалмаған ба?» дейді. Соны айтып тұрған жігіттердің өздері дұрыс жүріп, тұр ма екен?! «Кімге не істесең, алдыңа сол келеді» деген бар. Дүние алма кезек. Жігіттер нәпсінің жетегінде кетіп, ішкі жан-дүниелерін ластап, ар-намыстарына дақ түсірмесе екен деймін. Иманды, қарапайым, адамгершілігі мол жанға, жақсы жар жолығатынын ұмытпайық. Әрбір қазақтың қызына қарындасымыздай қарап, қорғайық. Қаракөздерімізді біз қорғамасақ, басқа кім қорғайды?!» — деді Ардақ Назаров.

Кеш барысында қысқа киіп, жартылай жалаңаштанып жүрген қазақ қыздарына қатысты сауал қойғанда да пікірін білдірді. Оның пікірінше, қыздарымыздың ашық-шашық кинуіне ата-анасы мен намысы жоқ ағасы кінәлі. Егер үйде қыздың киім-киісі мен жүріс-тұрысы қадағаланар болса, тәнін көрсетіп жүрмес еді. Мұның бәрі, сайып келгенде, тәрбиеге тіреледі. Сол себепті қазақтың жастары намысты, ақылды, білімді болуы керек. Ғұмар Қараш бабамыздың «Әйелдің көркі ұят, зейнеті қылық» деген сөзін әрқашан есте ұстаған жөн.

Ернар ХАЙДАР,

Батыс Қазақстан облысы

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0