понедельник, 25 ноября 2024 г.
icon
498.34
icon
519.72
icon
4.85
Алматы:
icon
3oC
Астана:
icon
-1oC
×

БҚО-да «Смарт университет» атты жобасы бастау алды

Студенттерге қызмет көрсету орталығы алғаш болып Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде іске қосылды.

Аталмыш университет ректоры Асқар Нәметовтің айтуынша, бұл жоба білім алушылармен қатар оқытушыларға да бұрынғы қиындықтардан құтылып, көптеген қызмет түрлерін бір жерден жедел әрі жеңіл ала алуларына мүмкіндік береді.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қолдауымен іске қосылған орталық университеттегі бес мыңнан астам білім алушыға «бір терезе» қағидаты бойынша уақтылы және сапалы қызмет көрсетуді қамтамасыз ету мақсатында құрылған. 

Студенттерге қызмет көрсету орталығы (СҚКО) білім алушылардың өтініштерін, түрлі анықтамаларды қарастыру, беру, алу кезінде жылдам және сапалы көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Осылайша қызметтерді алуға кететін уақыт шығынын қысқартады. Оған қоса СҚКО қағаз жүзіндегі құжат айналымын едәуір қысқартып, «адам факторы» мен құжаттардың жоғалып кетуі, мәліметтердің қате толтырылуы сияқты көптеген олқылықтардың алдын алады. Сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын түрлі келеңсіздіктердің туындауына жол бермейді және оқу үрдісінің ақпараттық ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз етеді. 

«СҚКО-да қызмет көрсету үрдісі мейлінше оңтайландырылған. Бес факультеттің әрқайсысына арнайы терезе жасақталған, тағы бір терезеде құрылым басшысы мен есепші қызмет көрсетеді. Анықтамалар мен транскриптер, диплом түпнұсқаларын беру бойынша 11 қызмет, білім алушыларды оқу пәндеріне тіркеу бойынша 4 қызмет, гранттар мен шәкіртақыларға өтініштерді қабылдау мен оқу ақысын нақтылауға қатысты 4 қызмет, ауысулар, қайта қабылдау, академиялық демалыс пен оқудан шығу мәселелеріне байланысты 7 қызмет, академиялық ұтқырлық бағдарламаларына қатысуға орай 4 қызмет және өзге де қосымша қызметтерді қосқанда барлығы 35 қызмет түрі көрсетіледі.

1 қаңтардан бастап студенттер бұл қызметтерді онлайн режимде де ала алады. Әр студенттің тек өзі білетін құпия сөзбен құлыптанған жеке кеңсесі болады, оның ішінде білім алушының жеке мәліметтерімен қатар оқу үрдісіне қатысты барлық мағлұмат жинақталады. Орталық көмегіне университеттің бұрынғы түлектері де жүгіне алады», — дейді университеттің академиялық мәселелер жөніндегі басқарма басшысы Жанна Құбашева.

Ернар ХАЙДАР,

Батыс Қазақстан облысы

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0