Елбасы келесі жылды «Жастар жылы» деп жариялады. Ал жастар «Мемлекет енді маған не жасап береді?» деп күтіп отыр. Бұл дұрыс емес. Оралдағы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде 1-курс студенттеріне арнап дәріс оқыған БҚО әкімі Алтай Көлгінов осылай деді.
«Білімге талпыныс-жетістіктің негізгі кілті» тақырыбында өткен өңір басшысының дәрісіне университеттің бес факультетінің 1-курсында білім алатын 650-ден астам студент қатысты. Облыс әкімі өңірдің ауыл шаруашылығы, индустрия, шағын және орта бизнес, әлеуметтік салалардағы даму көрсеткіштері туралы айтып, Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауынан туындайтын мақсат-міндеттер туралы баяндады.
«Өздерің мемлекетке не жасайсыңдар, ойларыңда жүрген қандай идея-жобалар бар? Сол туралы ойланыңдар. Жастық шақ тез өтіп кетеді. Сондықтан уақытты зая кетірмей, пайдалы іспен шұғылдану керек. Үздіксіз білім ала отырып, біліктілікті жетілдіру қажет, бір емес бірнеше шет тілін үйреніңдер. Ал студенттердің сапалы әрі заманауи білім алулары, жайлы жатақханаларда тұруы және денсаулықтарын шыңдауы үшін жағдай туғызу біздің міндетіміз», — деді облыс әкімі.
Білімді жастар ғана Қазақстанды дүниежүзіне паш етіп, мемлекеттің негізгі тірегі болатынына тоқталған Алтай Сейдірұлы облыста ауылшаруашылық және техникалық бағытта ірі жобалар жасалып жатқандығын, оларды іске асыру үшін білімді, бәсекеге қабілетті мамандар қажет екендігін баса айтты.
ІТ технология дендеп еніп, жаңа мамандықтар үздіксіз пайда болып жатқан заманда өмір бойы оқудың маңыздылығын айтқан Алтай Сейдірұлы «Біз бәріміз интернетке әбден сүйеніп алғанбыз. Ана тақырыптан аздап хабарымыз бар, мына мәселе туралы да азын-шоғын білеміз. Бірақ тереңірек оқып-үйренуге ықылас танытпаймыз. Бізге білімді жастар керек» дей келе уақытты дұрыс жоспарлау мен тиімді пайдалану, әлеуметтік желілермен шектелмей, ғаламтордың мүмкіндігін білімді жетілдіруге бағыттау туралы ақыл-кеңестерін айтты.
Бір сағатқа созылған дәріс соңында студенттер өз ойларын ортаға салып, көкейлерінде жүрген сұрақтарына жауап алды. Жастар Алтай Сейдірұлының жастайынан боксты жанына серік еткенін, қазіргі таңда жүзумен, велоспортпен, тенниспен үзбей айналысуға уақыт табатынын білгенде таңданыстарын жасыра алмады. Өңірдегі бұқаралық спортты дамытуға бағытталған кешенді іс-шаралар туралы толыққанды баяндай келе өңір басшысы студенттерді спортпен айналысуға, қаламыздағы спорттық шараларға белсенді қатысуға шақырды. «Жалқаулық – басты жауымыз. Уақыт жетпейді деп сылтауратуға болмайды. Күніне 20 минутты спортқа арнасаң, уақыт өте келе бұл жақсы дағдыға айналады» деген Алтай Сейдірұлы сонымен қатар өңірдегі киелі жерлерді аралап, өскен өлке тарихымен тереңірек танысудың маңызына тоқталып өтті.
Ернар ХАЙДАР,
Батыс Қазақстан облысы