суббота, 20 апреля 2024 г.
icon
446.49
icon
475.38
icon
4.79
Алматы:
icon
20oC
Астана:
icon
21oC
1xadv
×

Оралдағы жастар өзара тәжірибе алмасуда

Оралда мемлекеттік қызметтегі және өндірістегі жастар өзара тәжірибе алмасу бағытындағы жоба қолға алынды.

БҚО жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының ұйытқы болуымен басталған бұл жоба аясындағы алғашқы шара таяуда «ҚазТрансОйл» АҚ Атырау мұнай құбыры басқармасына қарасты «Орал» желілік-өндірістік диспетчерлік стансасында өтті.

Жиынды ашқан БҚО жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың басшысы Мержан Әбілқас «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» мен Елбасының таяудағы Жолдауы туралы айтты. Сондай-ақ ол жастарға арналған коворкинг орталықтың тиімділігіне тоқталды. Мәселен, Оралдағы «Бастау» коворкинг орталығында жастардың білім-білігін арттыратын яғни клип, видео монтаждау, фотошоп, дизайн секілді  бағдарламалар бойынша шеберлік сағаттары жиі өткізіліп, жетістікке жетудің сырлары талқыланады. Бұл жас буын өкілдерінің кәсіп меңгеріп, бизнес бастауына үлкен мүмкіндік болмақ. Сол себепті мұндай орталықты осы кәсіпорында да ашқан жөн.

Өз кезегінде сөз алған «ҚазТрансОйл» АҚ Атырау мұнай құбыры басқармасының энергоменеджмент жөніндегі жетекші маманы Денис Белоглазовтың айтуынша, «Орал» желілік-өндірістік диспетчерлік стансасында 100-ге жуық жас маман жұмыс жасайды. Соған сәйкес мұнда жас мамандардың кеңесі құрылған. Оның негізгі мақсаты - жас мамандардың кәсіптік біліктілігін арттырып, мансаптық өсуіне қолдау білдіру және оларды қоғамдық өмірге тарту. Аталмыш кеңестің төрайымы Алтынгүл Шәкімованың сөзіне қарағанда, өндірістегі жастар мемлекеттік жастар саясатын қолдай отырып, жергілікті қоғамдық-саяси өмірге, салауатты өмір салтын насихаттауға белсене қатысады. Әсіресе «ҚазТрансОйл» АҚ-ның Батыс Қазақстан және Атырау облыстық филиалдарындағы  жас мамандар спорттық сайыстар мен қайырымдылық шаралар ұйымдастыруда республика көлімінде көш басында келе жатыр.

Шара барысында мемлекеттік  қызметтегі және өндірістегі жастар өзара тәжірибе алмасты. Содан соң «ҚазТрансОйл» АҚ Атырау мұнай құбыры басқармасы жас мамандар кеңесі мен БҚО жастармен жұмыс жөніндегі  ресурстық орталығы ынтымақтастық меморандумына қол қойды.

Ернар ХАЙДАР,

Батыс Қазақстан облысы

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0