Елбасының таяудағы Жолдауында айтылғандай, 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялау жөніндегі ұсынысына орай Ақ Жайық өңірінде дәл осындай атаумен науқан жүзеге аспақшы.
«Бұл шара Жайық жастарының ойларын және ұсыныстарын негізге ала отырып жастар үшін атқарылатын жұмыстың басты бағытын анықтау мақсатында қолға алынды. Жастар арасында жүргізілетін сауалнама барысында жастарымыздың ойлары мен пікірлері (ұсыныстары) негізгі екі бағытта жүзеге асырылып, анықталады. Ең біріншіден, бүгінгі жастарға не қажет екенін білу болса, екіншісі, жастарға арналған идеялар мен жобаларды ұсыну. Өңір тұрғындары жастар мәселелеріне қатысты өз ойларын «Ақжайық жастары» - zhastar-07.kz порталында өтетін арнайы сауалнамалар арқылы білдіре алады, сонымен қатар 15 қарашадан бастап www.crowd.kz2050.kz краудсорсинг платформасында өздерінің нақты жобалары мен ойларын ұсынуларына болады. Кампания арқылы ұсынылған пікірлер мен жобалар арнайы жастар арасында өткізілетін ашық алаңдарда, облыстық жастар форумында талқыланбақшы. Сараптамадан өткен нақты ойлар мен жобалар «Жастарды дамытудың жол картасына» енгізіледі», — деді таяуда Оралда өткен баспасөз мәслихатында БҚО жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Аян Сакошев.
Брифингке қатысқан БҚО жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың басшысы Мержан Әбілқас жастарға мемлекеттік бағдарламалар мен әлеуметтік жобаларды кеңінен насихаттау, тұрғын үй және жұмыспен қамту, бизнес бастау жайында кеңінен әңгімеледі. Ол сондай-ақ діни және заңгерлік мәселелер бойынша тегін және қолжетімді кеңес беруді, жастарды жұмысқа орналастыру, халықаралық және мемлекеттік білім беру бағдарламалары туралы ақпараттандыруды мақсат еткен «Жастарға кеңес» жобасы туралы да айтып өтті.
Ернар ХАЙДАР,
Батыс Қазақстан облысы