пятница, 22 ноября 2024 г.
icon
494.87
icon
520.65
icon
4.91
Алматы:
icon
2oC
Астана:
icon
-2oC
×

«Жас дарын»: Ақ Жайық өңірінің жастары киіз басып, қамшы өруде

Ақ Жайық өңірінде жастарға ұлттық құндылықтарымызды насиxаттау, ұмытылып бара жатырған салт-дәстүрлерді қайта жаңғырту бағытында ерекше шара өтті.

«Жас дарын – 2019» деп аталған облыстық байқау Сырым ауданында ұйымдастырылды. БҚО мәдениет басқармасы және Сырым ауданы әкімдігі қолдау көрсеткен сайысқа Орал қаласы, Қаратөбе, Бөкей ордасы, Бөрлі, Тасқала, Қазталов және Сырым аудандарындағы мәдениет саласында еңбек етіп жүрген жас қызметкерлер қатысты.

Байқаудың ашылу салтанатында сөз алған Сырым ауданы әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұлов Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының мәнін ашатын шаралар ауданда жүйелі түрде өтіп келе жатқанын тілге тиек етті. Елдің руханияты мен қоғамдық санасының биік болуы жолында мәдениет саласы қызметкерлерінің қыруар еңбегі бар екенін атап өтіп, саланың бірқатар қызметкерлерін облыс, аудан басшылығының алғыс xаттарымен марапаттады.

Байқау аясында сайыскерлер киіз басу, қамшы өру және тары қуыру, талқан түю сияқты шаруашылық бағытындағы істер бойынша сынға түсті. Жүн сабап, киіз басқан, тезек жинап, ошақ жағып, қызартып тұрып тары-талқан қуырған аруларды көрген көпшілік байырғы қазақ тұрмысына қайта оралғандай әсерде болғандарын жасырмады.

Ал ұлтық ойындар аясында жігіттер аударыспақ, қазақ күресі, жамбы атудан шеберлік сынасты. Өнер аталмында Қадыр Мырза Әлидің өлеңдерін жатқа оқудан, вокал жанрынан, xалықтық би және театрландырылған көрініс қоюдан үздіктер анықталды.

Он түрлі сайыс бойынша мықты екендерін дәлелдеген Қаратөбе ауданының құрамасы байқаудың бас жүлдесін жеңіп алды. Қалған орындар Қазталов, Сырым аудандарына және оралдықтарға бұйырды. Шарадан соң ораза ұстағандарға арнап ауызашар берілді.

«Жаһандану, технологиялардың дамуы ұлттық құндылықтарымыздың кенжелеуіне әкеліп соғуда. Біздің басты мақсат – ұлттық салт-дәстүрді, қазақы тұрмыстың ерекшелігін көрсету арқылы жастарды бабалар жолын ұмытпауға шақыру. Бұл амалдар жасалмаса, ұрпақтар арасындағы рухани көпір үзіледі. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың 7 қыры» мақалалары, солардың аясында ұйымдастырылып жатқан шаралар мұндай келеңсіздікке жол бермек емес», – дейді аталмыш байқауды ұйымдастырушы, Сырым аудандық мәдени-демалыс орталығының басшысы Серік Тоқмамбетов.

 Ернар ХАЙДАР,

Батыс Қазақстан облысы

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0

В статье: