пятница, 19 апреля 2024 г.
icon
447.4
icon
477.55
icon
4.76
Алматы:
icon
20oC
Астана:
icon
23oC
1xadv
×

Студенттердің бәсекеге қабілеттілігін шыңдайтын сайыс

БҚО-ның техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері бәсекеге қабілетті екендерін білім мен біліктілік бағытындағы түрлі сайыстарда дәлелдеп жүр. Соның бірі - «WorldSkills Kazakhstan» чемпионаты.

Былтыр аталмыш байқаудың республикалық кезеңіне қатысқан Батыс Қазақстан индустриалды колледжінің студенті Темірлан Орынов ең үздік деп танылған еді. «Сандық бағдарламамен басқару станогіндегі токарьлық жұмыстар» құзыреттілігі бойынша жеңімпаз атанған ол жуырда Татарстанда өтетін «WorldSkills – 2019» халықаралық чемпионатында ел намысын қорғамақшы. Биыл да батысқазақстандық өрендер республикалық сайыста Темірлан секілді топжаратынына көпшілік сенімді. Бұл туралы таяуда Орал қаласында өткен аталмыш байқау барысында айтылды.

Облыста осымен бесінші рет ұйымдастырылған «WorldSkills Kazakhstan» өңірлік чемпионатында 155 қатысушы 23 құзыреттілік бойынша сынға түсті. Орал қаласындағы колледж, өндіріс орындары, кулинария, бөбекжай базаларында болған сайысты 148 сарапшы бағалады.

«Қазіргі нарықтың талабына сәйкес кәсіптік-техникалық мамандық иелеріне сұраныс артып отыр, осы салада еңбек етіп жүрген жандардың ел экономикасының дамуына қосып жатқан үлесі зор. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес әр өңірден кем дегенде 10 колледжді жоғары деңгейге шығарып, әлемдік озық тәжірибелерді енгізу негізінде дамыту міндеті жүктелген болатын. Қазіргі таңда облысымыздағы бес колледжде осы бағыттағы жұмыстар қолға алынды. Кәсіптік-техникалық бағытта тәлім алып жүрген жастар арасында жыл сайын өткізіліп келе жатқан чемпионаттың ауқымы кеңейіп келеді. Былтыр 13 құзыреттілік бойынша үздіктер анықталса, биыл олардың саны 23-ке жетті. Мұндай жарыс жастарымыздың бәсекеге қабілеттілігін шыңдайтыны сөзсіз. Ал бұл өз кезегінде, олардың мықты маман болып қалыптасуына әсер етері анық», — деді өңірлік чемпионаттың жабылу салтанатында БҚО әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов.

Сарапшылардың жан-жақты сараптауы нәтижесінде облыстағы түрлі колледждердің 23 студенті «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» деп танылды. Енді олар Нұр-Сұлтан қаласында өтетін республикалық чемпионатта облыс намысын қорғайтын болады.

Ернар ХАЙДАР,

Батыс Қазақстан облысы

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0