суббота, 27 апреля 2024 г.
icon
444.22
icon
476.38
icon
4.82
Алматы:
icon
8oC
Астана:
icon
6oC
1xadv
×

Батысқазақстандық жастар ауылдың көркеюіне айтарлықтай үлес қосуда

Бүгінде елімізде туған жерінің гүлденуіне атсалысып жүрген жастар аз емес. Батысқазақстандықтар да бұл істен тыс қалып жатқан жоқ. Әсіресе мектеп бітіргендеріне 10, 20 жыл болғандар ауылдың көркеюіне айтарлықтай үлес қосуда.

Биыл, әсіресе, бөкейорладық түлектер ауыз толтырып айтарлық іс қылуда. Мәселен, Мұратсай ауылындағы А.Құсайынов атындағы орта мектептің 2009 жылғы түлектерінің сауапты ісін көпке үлгі қылуға болады. Алтын ұяларынан осыдан 10 жыл бұрын қанат қаққан жастар өздерінің мерейлі күнін дүркіретіп той тойлаудан бас тартты. Оның орнына олар ауыл тұрғыны, зейнеткер Нұрзия Мамилинаның үйіне көгілдір отын кіргізіп, қуантуды жөн санаған.

Жолдасы мен қызы дүние салған Нұрзия апай тұрмыстағы жалғызының тілеуін тілеп отырған жайы бар. Зейнеткердің қолында  інісі Мейрам отбасымен тұрады.

«Жасыратыны жоқ, көз алдымда өскен балаларым келіп, «үйіңізге көгілдір отын кіргізуге көмектесеміз» дегенде сенерімді де, сенбесімді де білмедім. Таяуда үйіме газ қосылып, қуанғанымнан төбем көкке сәл-пәл жетпей тұр. Іні мен келінім, балалар да дән риза. Жыл сайын жазда қысты ойлап, отын жинап, қыста тезегімен кіріп, күлімен шығып, мехнатын тартатын едік. Енді мұның бәрі артта қалады», — деді Нұрзия апай көзіне жас алып.

Айта кетелік, өткен Рамазан айында бұл түлектер ораза ұстаған ауыл тұрғындарына ауызашар беріп, көпшіліктің алғысына да бөленді. Бұған қоса мектепке музыкалық аспап та тарту етті.

Ұялы ауылында Ш. Жексенбаев атындағы орта мектепті 20 жыл бұрын бітірген түлектер ауылдың спорт сүйер балғындарына «Ұшқын» балалар спорттық алаңын салып берді. Онда мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерге құмы мен карусель, әткеншегі бар ойын алаңы, жоғары сынып оқушыларына футбол, волейбол, баскетбол ойындарына арналған спорт алаңдары бөлек-бөлек қарастырылған. Алаңды салуға 1,2 млн теңге қаржы жұмсалыпты. Бұған қоса мектептегі спорт десе ішкен асын жерге қоятын оқушыларға 15 дана спорттық форма мен түрлі доптарды тарту етті.

Бөрлі ауылындағы М. Бегалиева атындағы орта мектептің 1999 жылғы түлектері де ауыл жастарына волейбол, баскетбол ойнайтын спорт алаңын сыйға тартса, олардың Сайқындағы құрбы-құрдастары аудан орталығындағы балалар алаңына әткеншек, белтемір, тағы басқа түрлі ойын құрылғыларын салып берді.  Жалпы алғандай мұндай игі істер ауданның барлық ауылында жүзеге асуда. Биылғы жарты жыл ішінде бөкейлік түлектердің туған өлкеге тартқан сыйларының жалпы құны 7 млн теңгені құрады.

Ернар ХАЙДАР,

Батыс Қазақстан облысы

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0