суббота, 10 мая 2025 г.
icon
516.01
icon
582.47
icon
6.26
Алматы:
icon
18oC
Астана:
icon
14oC
×

Ілкімді ісі бар жастар ұйымы

Батыс Қазақстан облысында «Ақжайық өрендері» деп аталатын жастар қоғамдық бірлестігі бар. 2004 жылы құрылған бұл ұйым облыстағы, соның ішінде Ақжайық ауданындағы жастар саясатының алға басуына, өрендердің саяси-мәдени, рухани-шығармашылық тұрғыдан дамуына айтарлықтай үлесін қосып келеді. Бірлестік мүшелері түрлі республикалық додаларда облыс намысын абыроймен қорғап жүргенін де айта кету керек.

Белсенділігімен көпшіліктің ықыласына бөленген бұл бірлестікке жетекшілік жасаған жандар далада қалып жатқан жоқ. Көбі қазір лауазымды қызметте жүр. Мәселен, Тілек Ғабдушев аталмыш аудан әкімінің орынбасары болса, Біржан Қухаев «Нұр Отан» партиясының Теректі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары.

Таяуда «Ақжайық өрендерінің» 15 жылдығына және көп уақыт аталған бірлестіктің төрағасы болған Ерлан Нұрмұхамбетовты еске алуға арналған жастар арасында облыстық туристік-спорттық ойындар ұйымдастырылды. Жастар жылына орай Ақжайық ауданында өткен сайысқа Орал қаласы, Бөрлі, Қаратөбе, Сырым, Тасқала, Теректі, Шыңғырлау аудандарының және Атырау облысынан командалар келді.

Шараның ашылу салтанатында сөз алған Ақжайық ауданының әкімі Қалияр Айтмұхамбетов аудан өмірінде бұл ұйымның өзіндік орны бар екенін атап өтті. «Ақжайық өрендерінің» ұйымдастыруымен жергілікті жерде көптеген ілкімді істі қолға алынған. Мәселен, «Жарқыра, Жайық жастары», «Жайық тазалығына – жастық қолтаңба» қозғалыстары, «Дода» пікірталас клубы, өзге де айтулы жұмыстар қазір жүйелі түрде жүзеге асуда. Аудан елдімекендерінде жастар бастамасымен «Шапағат» қайырымдылық дүкендері, сол қайырымдылық шараларын ұйымдастыратын еріктілер мектебі ашылды. Сонымен қатар, аудан жастары арасында шеберлік сағаттарын өткізу, «100 нақты көмек» жобасы аясында аз қамтылған, көп балалы отбасындағы мектеп оқушыларына көмек көрсету, ҰОС ардагерлері, жалғызбасты қарияларға көмек көрсету мақсатындағы «Ардагерлерді ардақтайық» жобаларына жұртшылық риза. Сонымен қатар жастарды әскер қатарына салтанатты түрде шығарып салу, жұмыссыз жастарға арналған «Soft skills» семинар-тренингтерін ұйымдастыру, «Жақсымен жарты сағат» жобасы аясында белгілі адамдармен кездесу өткізу шаралары да көпшіліктің көңілінен шығып жүр.

Екі күнге созылған туристік-спорттық сайыста командалар туристік тағам дайындау, жағажай волейболы, авторлық әндерді орындау, «Аспалы өткел», «Маятник», «Параллель өткел» сынақтары бойынша кедергілер мен туриадалық байқау түрлерінен сынға түсті. Нәтижесінде жалпыкомандалық есеп бойынша Қаратөбе ауданының командасы жеңімпаз атанды.

Ернар ХАЙДАР,

Батыс Қазақстан облысы

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0