суббота, 4 мая 2024 г.
icon
443.37
icon
474.49
icon
4.83
Алматы:
icon
16oC
Астана:
icon
11oC
1xadv
×

БҚО студенттері бизнеске ден қоймақ

Жастар жылы аясында Оралдағы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде студенттердің бизнес-жоспарларының көрмесі өтті.

Фото BNews.kz сайтынан алынды
Фото BNews.kz сайтынан алынды

Университетте алғаш ұйымдастырылған көрменің ашылуында сөз алған аталмыш ЖОО-ның ректоры Асқар Наметовтың айтуынша, биылғы оқу жылында экономикалық емес мамандықтарда оқитын студенттерді бизнеске тарту негізінде экономика және кәсіпкерлікті ұйымдастыру, бизнес жоспарлау пәндері жүргізілген. Соның нәтижесінде студенттер өздерінің бизнес жоспарларын жасаған. Бұл құжаттардың өміршеңдігін артыру мақсатында осындай көрме ұйымдастырылып отыр. Конкурстық іріктеу комиссиясы өздеріне келіп түскен 773  бизнес-жоспардың 45-ін осы көрмеге қоюға лайық деп тапқан.

Студенттердің кәсіпкерлікке бастайтын жоспарлары техникалық, агроөнеркәсіп, әлеуметтік және т.б. салаларды қамтиды. Мысалы, тағам өнімдері технологы мамандығы бойынша білім алып жүрген Раушан Аяшова, Назымгүл Қаласова, Сәндігүл Тілекқабылқызы сынды студенттер облыс аумағында ешкі сүтін өндіретін шағын зауыт ашуды жөн көреді. Олар  ешкі сүтінің адам ағзасына пайдасын, тағам ретіндегі тиімділігін зерделеп, зерттеген. Одан бөлек ешкі сүті жергілікті нарықта сұранысқа ие. Бүгінгі таңда оралдықтардың бұл сұранысын негізінен ресейліктер қанағаттандырып отыр. Ал ақпараттық жүйелер саласында оқитын студенттер ақпараттандыру бағдарламаларын ұсынса, агрономия мамандығын игеріп жүргендер бөдене шаруашылығын қолға алуды көздейді. Түрлі кірпіш дайындау, терезе жасау жұмыстарымен айналысқысы келетін де жастар бар.

Бұл шараға арнайы шақырылған бизнес өкілдері студенттердің әр жоспарымен тиянақты танысып, сұрақтарын қойып, өзара пікір алмасты. Инвесторлар күркетауық шаруашылығын дамыту, электр энергиясын үнемдеу және «Термос-жылыжай» бағытындағы бизнес-жоспарлар өздерін қызықтырғандарын атап өтті. Сол себепті алдағы уақытта олар «жаңашыл» студенттермен тағы бір мәрте кездесіп, жобаларды қаржыландыру мүмкіндіктерін қарастыратындарын айтты.

Ернар ХАЙДАР,

Батыс Қазақстан облысы

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0