суббота, 19 апреля 2025 г.
icon
521.9
icon
593.5
icon
6.39
Алматы:
icon
11oC
Астана:
icon
5oC
×

Оралдық жас отбасының бақыты

Замир мен Гүлнара Қабиевтер – қос егіз тәрбиелеп отырған жас жанұя. Олар жастары 25-ке толмай көпбалалы отбасы атанды.

Отағасы Теректі ауданының орталығы Федоров ауылындағы №1 қазақ орта мектебінде алғашқы әскери дайындық және дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болса, отанасы - қаржыгер.

Замир Оралдағы Ж. Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледждің 2-курсында оқып жүргенде Гүлнарамен  танысып, үшінші курста шаңырақ көтерген. Сол жылы тұңғыш егіздері дүниеге келеді. Оқу бітірген соң туған жері Теректі ауданының Социализм ауылында «Жастар практикасы» негізінде бір жыл жұмыс жасап, мамандығы бойынша М. Өтемісов атындағы БҚМУ-да білімін жетілдіреді. Университетті бітірер жылы Әмір, Томирис атты тағы бір егіздердің әкесі атанады. 2015 жылы оқуды тәмамдап, «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен аталмыш ауылға келіп, еңбек етуде.

Жас жанұя Теректі ауданындағы өнерлі отбасылардың бірі болып саналады. Замир мен Гүлнара - аудандық «Дат» театрының белді әртістері. Отбасы құндылығын насихаттау, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру  мақсатында  ұйымдастырылатын аудандық шаралар мен байқауларға тұрақты қатысып, тең құрбыларының алды болып жүр. Сондай-ақ облыстық «Алтын ұя» және  «Өнер шамшырағы» атты байқауларынан да құр қол қайтқан емес. Былтыр облыстық «Асыл ана» байқауынан бас жүлдені иеленген Гүлнара Мақсотқызы биыл  8 наурыз – халықаралық әйелдер күніне орай  облыс әкімінің алғысхатына ие болды.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демекші, бүгінде олардың іздерін балалары жалғауда. Тұңғыштары Сұлтан мен Бейбарысты батысқазақстандықтар егіз әнші бала ретінде жақсы таниды. Бес жастарында «Балдәурен» байқауының аудандық кезеңінен бас жүлде иеленген олар облыстық кезеңде де жақсы өнер көрсетті. Артынан облыстық «Ақ көгершін» байқауында да топ жарып, елордада өткен республикалық байқауда бірінші орын алды. 2016 жылы Орал қаласында өткен «Қазақстан таланттары» атты ән байқауының, Алматы қаласында болған «Біз бақытты баламыз!» атты халықаралық байқаудың бас жүлделерін иеленді. Биылғы жыл да егіз бүлдіршін үшін сәтті басталды. Олар көктемде республикалық «Таңғы шұғыла» байқауына үздік болса, жуырда Ташкент қаласында өткен халықаралық «Toshkenthi sevamiz» атты өнер байқауының бас жүлдесін қанжығасына байлады.

«Балаларды кез келген байқауға жеңеміз деген үмітпен алып барамыз. Сол үмітіміз ақталуда. Шынын айтайын, үйде жүргенде еркелеп, жылап жүретін оларды сахнаға шыққанда танымай қаламыз. Сахнада көрсететін өздеріне тән қылықтары, билеу мәнері бар. Кейбір адамдар дауыстарын жаздыртып алып, өлең айтатын шығар деп ойлайды. Бірақ конкурстардың барлығы да табиғи дауыста өтеді. Жалпы, біз – бақытты жанұямыз. Ата-анамыз аман. Олар бізді ойлап, қолдарындағы барын беріп жатады. Балаларымыздың дені сау. Әрі елдің көз алдында, өнер додаларында облыстың, республикамыздың намысын қоғап жүр. Содан артық қандай бақыт керек?!» – дейді жас отбасы иелері.

Ернар ХАЙДАР,

Батыс Қазақстан облысы

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0