Бөрлі ауданында «Мәдениет мәртебесі» атты аймақтық жас мәдениет қызметкерлерінің симпозиумы өтті.
Жастар жылы аясында болған шараға Орал қаласының, Шыңғырлау, Теректі, Бөрлі аудандарының сала мамандары қатысты. Симпозиумның мақсаты - мәдениет саласын дамытуға ауыл жастарын тарту, мәдени құндылықтарды насихаттау, ауылдардағы мәдениет үйлерінің имиджін көтеру.
Жиын барысында мәдениет саласының бүгінгі ахуалы, жаңа бастамалар мен өзгерістерді енгізу, ауыл мәдениетін жетілдіру және осы бағыттардағы әріптестік қатынастарды дамыту туралы сөз болды.
«Бүгінгі таңда облысымыздағы мәдениет саласы қызметкерлерінің дені жастар. Салаға жастардың көптеп келуімен жұмыс бағыты жаңаша қарқын алды. Мәдени шараларға жастар көптеп тартыла бастады. Оралдағы М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың мәдениет және өнер факультетінің түлектері негізінен аудан-ауылдардағы мәдениет үйлеріне барып, еңбек етуде. Соның нәтижесінде бізде маман тапшылығы жоқ. Университет түлектерінің, жас мамандардың көбіне Бөрлі ауданына барып қызмет етуге ынтасы зор. Себебі, олар мұнда тұрғын жаймен қамтылып, түрлі әлеуметтік жеңілдіктерге ие болады. Одан бөлек, бұл аудандағы 23 мәдениет нысаны қажет құрал-жабдықтармен толықтай жарақтанған. Бөрлі мұнайлы өңір болғандықтан, кенішті игеруші компаниялардың демеушілігімен жергілікті өнерпаздар республикалық, халықаралық байқауларға, шараларға жиі барып, биіктен көрініп жүр. Мұның бәрі өнердің, мәдениеттің дамуына өзіндік септігін тигізуде»,— деді жиын барысында сөз алған БҚО халық шығармалығы орталығының әдіскері Галина Аблаева.
Содан соң Бөрлі аудандық мәдени-демалыс орталығы директорының орынбасары Арна Мүбәрак «Мәдениет қырандары» атты спикерлік шарасын өткізді. Артынан бірқатар жас мамандар алғыс хаттармен марапатталды.
Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Онда бөрлілік жас ақын Жарқынбек Шынтаевтың сөзіне жазылған Ақ Жайық өңіріне белгілі әнші, сазгер Ербол Ақбасовтың «Арман қала - Ақсай» әнінің тұсауы кесілді.
Ернар ХАЙДАР,
Батыс Қазақстан облысы