Халықтың агроөнеркәсіп саласында жұмыспен қамтылуы және жұмысшылардың еңбек заңдылығының сақталуы қандай? Облыста суармалы жерлерді тиімді пайдалану мақсатында ауыспалы егіс жүйесін сақтау және су ресурстарын тиімді пайдалану қалай жүріп жатыр? Бүгін «Nur Otan» партиясының «Қазақстан – 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» Сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру бойынша «Аграрлық сектор» бағытындағы аймақтық комиссия мүшелері осы мәселелерді жан-жақты талқылады.
Атап өту керек, Қызылорда облысы бойынша 2019 жылы 10300 жаңа жұмыс орындарын құру жоспарланған. Ағымдағы жылдың 1 шілдесіне 5645 (54,8%) жаңа жұмыс орыны ашылған. Олардың 5556-сы тұрақты жұмыс орыны. Осыған орай облыс халқын жұмыспен қамтуға ықпал жасау жөніндегі кешенді жоспар қабылданып, 32 069 жұмыссыз бен өз бетінше жұмыспен қамтылғандарды тұрақты жұмыспен қамту көзделген. Жиын барысында хабарлама жасаған Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Жанар Дәулетбаеваның айтуынша, жоспарға сәйкес ағымдағы жылдың 1 шілдесінде азаматтардың 42 пайызы жұмыспен қамтылған.
Комиссия отырысында қаралған екінші мәселе агро салаға қатысты болды. Аймақ халқының басым бөлігінің күн көрісі тікелей ауыл шаруашылығы өндірісіне қатысты болғандықтан, мамандар егістікті сумен қамтамасыз ету проблемасы бізден жыл сайын жаңа шешімдер қабылдауды талап етіп отырғанын айтады. Бұл ретте, келешекте облыста су қоймаларын салу, сондай-ақ суды ұтымды пайдалануға бағытталған бірқатар жобаларды жүзеге асыру да жоспарланған. Яғни, ирригациялық және дренаждық желілерді жетілдіру жөніндегі жобаларды іске асыру арқылы суды 30 пайызға дейін үнемдеу және жерасты көздерін пайдалану, тамшылатып, жаңбырлатып суару әдістерін қолдану, коллекторлық суларды қайта пайдалану есебінен суармалы жерлерді 95 мың гектарға көбейтіп, 300 мыңға жеткіземіз деп отыр. Нәтижесінде аграрлық сектордағы өндіріс көлемін 79 млрд. теңгеге ұлғайтып, 3 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын ашу да көзделген. Облыста суармалы жерлерді тиімді пайдалану мақсатында ауыспалы егіс жүйесін сақтау және су ресурстарын тиімді пайдалану – егіншілік саласындағы аса маңызды шаралардың бірі. Сондықтан сала мамандары ауыл шаруашылығы дақылдарын өсірумен айналысқанда шаруашылық құрылымдары «Ы.Жақаев атындағы қазақ күріш шаруашылығы ғылыми зерттеу институты» ЖШС-нің нұсқамаларын бірінші кезекте басшылыққа алуы тиістігін айтады.
Жиын барысында саланы жетілдіру, жұмысшылардың еңбек заңдылықтарын сақтау бағытында көптеген ұсыныстар ортаға салынып, маңызды шешімдер қабылданды. Жиынды филиал төрағасының бірініші орынбасары Ақмарал Әлназарова қорытындылап, «Nur Otan» партиясы бұл жұмыстардың бастамашысы да, бақылаушысы да болатынын тілге тиек етті.