«Nur Otan» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында партияның облыстық филиалы төрағасы, облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов өңірдегі мүмкіндігі шектеулі жандармен кездесіп, олардың ұсыныс пікірлерін тыңдады. Кездесу барысында аймақ басшысы жүзеге асырылып жатқан жұмыстар туралы айтты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Мүмкіндігі шектеулі адамдарға, оның ішінде мүгедек балалар тәрбиелеп отырған отбасыларға ерекше назар аударуды, олар үшін тең мүмкіндіктер жасауды тапсырған болатын. Бұл бағытта Сыр өңірінде ауқымды жұмыстар атқарылуда. Кездесу барысында аймақ басшысы бұл жұмыстарды егжей-тегжейлі айтып өтті.
«Облыста 30 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі жандар бар. Олардың өмір сүру деңгейін жақсарту үшін 2013 жылдан бастап әр екі жыл сайын арнайы жол картасы бекітіледі. Соңғы алты жыл ішінде осы жол картасын жүзеге асыру үшін әлеуметтік төлемдерді есептегенде бюджеттен 23 млрд. теңгеден астам қаржы жұмсалды. Биыл осы мақсатқа 937 млн.теңге бөлініп отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,7 есеге арттық. Әлеуметтік оңалту шараларын орындауда біз соңғы 3-4 жыл көлемінде республика бойынша бірінші орында келеміз. Үстіміздегі жылы аймақта оңалту шаралары 80 пайызға орындалып, республика бойынша орташа есеппен 57 пайызды құрап отыр. Бұл жылдан жылға көбеймесе, азаймайды»,— деді аймақ басшысы.
Кездесуде мүмкіндігі шектеулі азаматтар тарапынан мүгедектікті, жәрдемақыны тағайындау, тегін дәрі-дәрмектер алу, өзге өңірлерге барып ем қабылдау үшін квота бөлу, жолда жүру жеңілдіктері, сондай-ақ, ғимараттарға, оның ішінде жаңадан салынатын ғимараттар мен тұрғын-үйлерде мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін кедергісіз орта қалыптастыру секілді мәселелер көтеріліп, сұрақтарына жауаптарын алды.
«Ерекше қажеттілігі бар жандардың жүріп тұруына көптеген кедергілер бар екенін жақсы білемін.Барлық проблемаларды бір күнде шешіп тастау мүмкін емес. Әліде шешімін таппаған мәселелер бар. Солардың бірі әлеуметтік нысандардың қолжетімділігі. Дегенмен қала инфрақұрылымы ол үшін әлі де толық бейімделмеген. Осы мақсатта «Nur Otan» партиясымен қабылданған «Кедергісіз келешек» жобасы аясында тиянақты жұмыстар қолға алынды. Барлығы қарыжыға келіп тірелгендіктен олар кезең –кезеңімен шешілетін болады»,- деді Қ.Ысқақов.
Жиында көтерілген өзекті мәселенің бірі - инватакси қызметі. Қазіргі таңда кресло мүмкіндігі шектеулі жандарды тасымалдау үшін инватакси қызметін алушылар саны жылдан жылға көбейіп отыр. Соның салдарынан бөлінген қаржы көлемі де жетіспейді. Бұл орайда облыс әкімі тиісті басқарма басшыларына тапсырмалар берді. Және кездесуге келген азаматтарға өзінің ризашылығын білдіріп, осы жерде айтылған ұсыныс пікірлердің барлығы 2025 жылға дейінгі мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі жаңа Ұлттық жоспардың аясындағы жол картасында ескерілетіндігін атап өтті.