среда, 5 февраля 2025 г.
icon
520.27
icon
537.65
icon
5.24
Алматы:
icon
-6oC
Астана:
icon
-5oC
×

Жас кәсіпкер Қызылорда қаласында садақ ату үйірмесін ашты

19 жастағы Әли Ибрагим Қызылордада «Алтын жебе» атты садақ ату орталығын ашты. Бұл орталықтың жұмысын жүзеге асыру үшін Әли Тыныштықұлы «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясындағы «Жас кәсіпкер» жобасы бойынша грант жеңіп алды.

Ұлттық спортты насихаттау мақсатында жұмысын бастаған орталықта Әли әзірге жалғыз жаттықтырушы. Оның садақ ату өнерімен айналысқанына небары 1 жыл. Соған қарамастан, ұлттық спорт түрі бойынша бірқатар жарыстарға, шараларға қатысып жүр. Мәселен, ол Алматыда өткен «Ұлы дала – көшпенділер әлемі» халықаралық фестиваліне, Елордада өткен «Nur-Sultan Ethno Fest» фестиваліне белсене қатысты. Сонымен қатар, Түркияның Стамбул қаласында өткен «7. Fetih Kupası» шарасына қатысып, ұлттық спорт түрі бойынша шеберлігін сынап қайтты. Сондай-ақ, жас спортшы ат үстінде садақ ату спортына да қатысады. Оған қоса бұған дейін жамбы ату бойынша жаттығып, машықтанғанын жеткізді ол. Биыл ересектер арасында өтіп жатқан V ҚР Чемпионатының қатысушысы.

«Ұлттық спорт түрлеріне бала кезімнен бері қызығып келемін. Дегенмен, біздің қаламызда жаттығу жасайтын мүмкіндік болмады. Бастапқыда әкем бокс үйірмесіне жіберген болатын. Онда 2 жыл жаттығып, 7 сыныптан кейін спорт бағытындағы мектеп-интернатта оқыдым. 9 сыныпты тәмамдағаннан кейін колледжге оқуға түстім. Оқуды аяқтаған соң Нұр-Сұлтан қаласына жұмыс істеуге бардым. Онда Юнус Эмре институтының садақ ату курсына жазылдым. Садақ атудың қыр-сырын сол жерден үйрендім. Енді туып-өскен жерімде осы спорт түрін насихаттауға кірісіп жатырмын», - дейді Әли Ибрагим.

«Садақ ату үйірмесіне келушілер қатар көп», - дейді жас кәсіпкер. Үйірмеге 7 жастан асқан ер балалар мен қыз балалар, ересектер қатыса алады. Садақ атудың адам ағзасына тигізер пайдасы ұшан-теңіз екенін, осы спортпен шұғылдану барысында бұлшықеттер мен тыныс алу, жүрек-қан тамырлары жүйесінің жұмысы жақсаратынын айтты жас кәсіпкер әрі спортшы.

Ағымдағы жылдың 27 қазанында өткен «Startup weekend»  бизнес-жобаларды қалалық іріктеу байқауы бойынша «Алтын жебе» жобасы 1 орынды иеленді.

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0