Қызылорда облысында «Жаппай кәсіпкерлікті дамытудың» екінші жылы өтуде. Осы орайда өңірде кәсіпкерлікті барынша қолдау шаралары жасалуда.
Ел экономикасының қозғаушы күші саналатын шағын және орта кәсіпті дамытуға мемлекеттік қолдау аз емес. Бүгінде қызылордалықтарға көптеген бағдарламалар да ұсынылып жатыр. Көріп отырғандай, жұмыссыздықты азайтуға, жаңа жұмыс орнын құруға, халықтың табысын арттыруға сеп болатын шағын және орта кәсіппен айналысуға елдің ынтасы жыл сайын артып келеді.
Жалпы кәсіпті бастау бар да, әрі қарай дамыту бар. Кәсіпкерлікті қолдауға арналған жылдарда жұмыстың нәтижесі айқын болуы тиіс. Негізгі мақсат та осы. Сандарды сөйлетсек, облыс бойынша тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік құрылымдардың ішінде жұмыс жасап тұрғандардың үлесі 85,7 процент. Бұл халықтың кәсіппен айналысуға ықыласты екенін байқатады. Бұл сөзімізді мына дәйек дәлелдей түседі: биылғы жылдың бірінші тоқсанында облыста шағын және орта бизнес саласында 90020 адам жұмыспен қамтылып, 70,9 млрд теңгенің өнімі өндірілген.
Бұл – кәсіпкерлікті дамытуда мемлекеттік қолдаудың нәтижесі. Расында, елімізде шағын кәсіпкерлікті қолдаудың барлық мүмкіндігі қарастырылған. Қаржылай және қаржылай емес қолдаудың ішінде қаржылай емесіне тоқталсақ, жыл басынан бері мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсіпкерлік негіздеріне 3970 жұмыссыз, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар оқытылды. Оның ішінде «Бизнес-Кеңесші» бойынша 1303, «Бастау-Бизнес» 1567, «Жас кәсіпкер» жобасымен 1100 адам оқудан өткен.
Қаржылай қолдау да атап айтарлықтай. Биыл жұмыссыздар мен өзінөзі жұмыспен қамтыған азаматтардың, кәсіпкерлердің жобаларын шағын несиемен қамтамасыз ету үшін 5 млрд теңгеден аса қаржы бөлінді. Атап айтқанда, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында шағын несие беру үшін 4 млрд теңгеден аса қаржы қаралып, бүгінде 2 млрд теңгеден аса қаржыға 622 жоба несиелендірілді. Сондай-ақ, «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығына облыс бюджетінен 850 млн теңге бөлініп, 169 жоба қаржыландырылған.
«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында тұрақты бизнес құрылымдарға қолдау көрсету үшін 1 млрд 150 млн теңге қаржы бөлінген. Аталған бағдарлама аясында жыл басынан бері субсидия беру үшін екінші деңгейлі банктер жалпы құны 3,8 млрд теңгені құрайтын 112 жобаны мақұлдаған. Сондай-ақ, кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған мемлекеттік грант есебінен шағын кәсіп иелерінің 84 жобасы қаржыландырылды. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында жалпы құны 1,145 млрд теңгені құрайтын 5 жоба несиелендіріліп, 699,5 млн теңгені құрайтын 8 жоба мақұлданды. Бүгінде жалпы құны 3 284,5 млн теңгені құрайтын 24 жоба қаралуда.