Нұр-Сұлтан қаласындағы «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің наиб имамы Саят Серікұлы астана маңында құны 40-50 миллион болатын қабірлердің бар екенін айтты. Оның сөзінше, бұл елде зират орнатудың жалпыға ортақ тәртібінің болмауынан орын алған, деп хабарлайды Stan.kz.
Имамның айтуынша, Қазақстанда 30 жыл ішінде жерлеу мәдениеті мен ережесі қалыптаспаған. Ал қайтыс болған кісіге қабірді мрамор мен граниттен салатындар бар дейді.
«Бағалы материалдардың қайтыс болған кісіге ешқандай пайдасы жоқ. Бізде қабір салу бәсекеге, мақтанға айналып кетті. Тіпті бағасы 250-300 мың долларға дейін баратын қабірлер бар. Астананың маңайында құны 40-50 млн теңге болатын қабірлер көп. Бұл бірінші кезекте үлкен ысырап. Одан да бұл қаражатқа кедейлердің баспана мәселесін шешуге болады. Осы жақсылықтың сауабы қабірге барады. Шариғатта марқұмның атынан жақсылық жасау құптарлық іс екенін айта кеткім келеді», – деді наиб имам.
Сонымен қатар имам елде әркім өз білгенінше зират тұрғызғандықтан, адам жерлеуге арналған орын тапшылығы байқалатынын айтты.
«Біздегі проблеманың бірі адам жерлеуге арналған орындар тапшы. Өйткені әркім өз білгенінше салып жатыр. Біреуі 5 метр жер алса, енді бірі 50 метр жер алды. Зират салатын орынды әкімшілік белгілейді. Ондай орындар 5-6 жылдың ішінде толып қалады. Егер зиратта ірі құрылыс жүрмегенде, жерлейтін орындардың жартысы бос болар еді», – дейді Саят Серікұлы.
Ал Павлодар облысының бас имамы Жолдас Бертымұратов Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы арнайы зират салуды реттеу үшін Қамқор шарапат орталығын ашқанын айтты.
«Оны ашудағы мақсат – халық арасында зират тұрғызу мәдениетін қалыптастыру. Бізде зиярат және зират деген құжат қабылданды. Онда зиратты қалай тұрғызу керек және зиярат еткен кезде қандай әдеп сақтау керектігі жазылған. Ең маңыздысы қабір орнатудағы ережелер қамтылған. Оны білу аса маңызды. Бір аятта Алла Тағала «ішіңдер, жеңдер бірақ ысырапшылдыққа жол бермеңдер» дейді. Осы ретте, ысырапшылдық біздің дінде құпталмайды. Осыны имамдар халық арасында түсіндіріп жатыр. Қазақ – әруақ сыйлаған халық. Бірақ сыйлаудың жөні сол екен деп ысырап жасау, жарысып зәулім зират салу дұрыс емес екенін алдағы уақытта та халыққа кеңінен түсіндіру керек», – дейді Жолдас Бертымұратов.