Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы түскен бейнетаспа табылды. Тарихи жәдігер Әзербайжанның астанасы Бакудің мұрағатында сақталған. Тек видеодағы адамның кім екені жазылмаған. Бірақ сырт келбетіне қарап ғалымдар оның Ахмет Байтұрсынов екеніне шек келтірмейді. Видеоны «Ахаң жүріп өткен жолмен» экспедициясының мүшелері жариялады, деп хабарлайды 24.kz.
Бұл бейнематериал 1926 жылы Бакуде түсірілген. Сол жылы мұнда бүкілодақтық түркологтардың бірінші құрылтайы өткен еді. Келелі кеңеске қазақ жерінен 4 делегат қатысты. Олар Ахмет Байтұрсынов, Елдес Омаров, Біләл Сүлейов және Нәзір Төреқұлов. Содан уақыт салып, Ахаң жүрген жолмен қазіргінің ғалымдары да жүріп өтті. Ақыры мұрағатты ақтарып, мол ақпарат жинаған мамандар сол кеңесте түсірілген бейнематериалға қол жеткізді. Алдағы уақытта экспедиция мүшелері деректі ресми растау үшін сараптамалық орталықтарға жүгінбек.
«Бірден айту керек видео аса анық емес. Бірақ алаштанушы ғалымдар мұны бір ауыздан Ахаң деп сеніммен айтып отыр. Неге? Себебі, сол жиында ол құрылтайда екі бірдей комиссияға жетекші болған екен. Мынау президиумда ол комиссия мүшелері отырады. Ахаң бірінші отырады. Сондықтан отырған орны Ахаң отыруға тиісті орын. Екінші сол кезеңдегі түскен фотоларымен жаңағы видео сәйкес келеді», — дейді «Ахаң жүріп өткен жолмен» экспедициясының мүшесі Абылай Мауданов.