Актриса Әсел Асқар Айнұр Ілиясованың бағдарламасында ұлын жоғалтқан соң нендей сезімді бастан өткергенін баяндады, деп хабарлайды Stan.kz ақпараттық агенттігі.
«Мен Құдайды жек көрдім. Мен оны жоққа шығардым. Кейін осылай жалғаса беретін болса бұл ашудың менің түбіме жететінін түсініп, өзім үшін Құдайды ақтап алуғы тырыстым. Маған жақындарым көмектесті. Қолымды бір сілтегім келген сәтте, анамды, сіңілім мен баламды ойладым. «Мен оларға қалай үлгі боламын?» деген ой келді. Ұлымнан айырылып қалған соң қорқыныштарымнан арылдым. Биіктен қатты қорқатынмын. Қазір мен үшін биіктіктен қарау, секіру түк емес», – дейді Әсел.
Сонымен қатар Әсел Асқар екінші күйеуімен ажырасып кеткенін айтты.
«Ұлымды жерлегеннен кейін қырық күн жоқтауыма құқығым бар шығар. Ол әйел кісі үшін орны толмас қайғы. Ештеңеге көңіл бөліп, алданып кету мүмкін емес. Күйеуімнің алғашқы ескерту айтқандарына, ұрысқанына басында шыдауға күшім болды. Не дегенмен ол ортақ баламыз. Қайғымыз да ортақ болуы керек еді. Өзімді айтсам, күйеуіме қарауға күшім болмады. Жай ғана шайын дайындап беруге жарамадым. Ақырында «үнемі жылап, түнеріп, қабағың ашылмайды қайғыдан» деп алды да қуып шығарып жіберді. Мен үшін мұның өзі, қолдаусыз қалғанның өзі ауыр жағдай. Осыдан кейін қалай мен бірге тұруға ниеттенемін. Қандай әйелге болсын мұндай жағдай өте ауыр тиетін еді деп ойлаймын», ― деді Әсел Асқар.
Актриса жақында ұлы Айбарысқа арнап ән шығарды.