Еуропалық турне аясында «Тұран» этнофольклорлық ансамблі әйгілі «Эрбар» концерт залында өнер көрсетті, деп жазды 24.kz.
Талғампаз Вена тыңдарманын қазақтың әуезді әуені бірінші нотадан-ақ тәнті етті. Сыбызғы, сазсырнай, қыл-қобыз бен шертердің үйлескен дыбысы келген жұртты таң қалдырды. Еуропалық турне Парижден басталып, Брюссель, Гаага, Загреб көрерменінің қошеметіне бөленіп, кәрі құрлықтың музыка астанасы Венада жалғасты.
«Бұл керемет концерт болды. Артистердің қойылымы менің жүрегіме жетті. Сіздің халқыңыздың музыкасы ерекше. Музыканттардың кей аспаптарын мен бірінші рет көрдім және дыбысын алғаш естідім. Мысалы, өнерпаздар даладағы желдің дыбысын бір ғана садақпен жасай алды. Бұл теңдесі жоқ талант»,-деді Төменгі Австриядағы ҚР құрметті консулы Александр Кисс.
Концертте қазақ музыкасымен қатар еуропа классикасы да орындалды. Сонымен қатар, «Қазақконцерт» артистері де өнер көрсетті. Опера әншісі, белгілі тенор Медет Шотабаев та көрермен ықыласына бөленді.
400 адамға шақталған «Эрбар» залында бос орын болмады. Австриялық саясаткерлер, дипломаттар, кәсіпкерлер және жоғары өнерді тамашалауға тұрғындар да көп келді. Альпі елінде білім алып жатқан қазақ студенттері де төбе көрсетті.