четверг, 2 мая 2024 г.
icon
442.05
icon
474.14
icon
4.74
Алматы:
icon
20oC
Астана:
icon
9oC
1xadv
×

«Көзімнен сорам ағып жаздым»: Ақын Серікзат Дүйсенғазы марқұм ұлының арманын жүзеге асырды

Өткен қыста шаңғы теуіп жүріп мерт болған ұлының арманын жүзеге асырған ақын Серікзат Дүйсенғазы көпшіліктен сүйінші сұрап, өзіне қолдау білдіргендерге алғысын жаудырды, деп жазды «КҮН.КЗ» тілшісі.

Фото: әлеуметтік желіден
Фото: әлеуметтік желіден

«Қайтыс болған баласының арманы үшін арпалысқан әкені кім көрді екен? Ешкім көрген жоқ шығар, сірә! Лайым көрмей-ақ қойсын! Ондай әке бізге дейін болған дейді. Бірақ Америкада. Нәтижесі атақты Стэнфорд университеті. Біз де марқұм баламыздың жете алмай кеткен арманын жүзеге асырсақ деп жанұшырып жүгіріп жүрген жайымыз бар. Бүгін соның алғашқы асуын алдық.

Ауыр қайғының да бір қуанышы болады екен-ау. Төбем көкке жеткендей қуанып отырмын қазір. Естеріңізге болса, Әлихан балам қайтыс болғаннан кейін жазған алғашқы постымда қазағымның келешегі үшін қызмет етемін деп уәде беріп едім. Бірнеше ай қалың қағазбен алысып жүріп «Әлихан Мақсұт атындағы дарынды балаларды қолдау қорын» мемлекеттік тіркеуден өткіздім. Оның Уставының әр парақшасында менің әкелік көз жасым бар.

Көзімнен сорам сорғалап отырып әр жолын өз қолыммен жазып шықтым. Өте қиын болды, ағайын! Мұндайды ешкімнің басына бермесін! Маған құжат дайындауға қолдау көрсеткен ақын ағам Серік Қалиевке, юстиция маманы Сәрсен ініме Алла разы болсын! Қоғамдық қор бүгіннен бастап өз жұмысын бастады. Алғашқы шарамыз 13 мамыр күні Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Бас ғимаратында өтеді.

«Астана дарыны» дарынды оқушыларды қолдау орталығы, №9 «Зерде» дарынды балалар мектебі, «Pobotek» мектебі біздің қормен бірлесіп «RoboZerde-2023» қалалық роботехника фестивалін өткізеді. Белгілі режиссер Мұрат Есжан , продюсер Айсәуле Әбділдә, ақын Ұларбек Нұрғалымұлынан құрылған шығармашылық топ Әлиханның қысқа ғана ғибратты ғұмырына деректі фильм дайындап жатыр.

Оның тұсаукесерін фестивальдің ашылу салтанатында көрсетеміз деп отырмыз. Ғылыми сайыстың ашылу салтанатына Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, Астана қалалық Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыевтер келіп қатысамыз деді. ҚР парламенті мәжілісінің төрағасы Ерлан Жақанұлы Қошанов өткенде Асхат Аймағанбетов бастаған депутаттарды арнайы жіберемін деп уәдесін берді. Шараға біздің қордан бөлек «Дәулеттен» қоры, «RadiоMart» дүкені қаржылай қолдау көрсетеді», — деп жазды ақын желідегі парақшасында.

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0

В статье: