Жансая Диксон есімді қазақ қызы Қарағанды облысының тумасы, руы — арғын. Кезінде америкалық қара нәсілді жігітпен көңіл қосқан ол бүгінде 5 баланың анасы, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат порталы.
2012 жылы шет елдік ер-азаматтың етегінен ұстаған отандасымыз бүгінде үш қыз бен екі ұлды өмірге әкелген. Қазір отбасымен Нью-Йорк шаһарында тұрады әрі АҚШ-тың азаматтығын алған. Осыдан 10 жыл бұрын афроамерикалық жігітке тұрмысқа шыққан қаракөзіміз жеке өміріне қатысты жұртты қызықтырған сауалдарға жауап берді.
«Менің дініме, туған жеріме, туған жылыма, қайда оқығаным туралы және күйеуіммен қалай танысқаным жайлы көп сұрақ келеді. Мен Қарағанды облысындағы Саршыған ауылында өстім. Сол жерде менің туыстарым тұрады», – дейді АҚШ-та тұратын қазақ қызы.
Жансаяның тағдыры түрлі қиындыққа толы. Ол кішкентай кезінде ата-анасынан айырылғанын айтады.
«Мен 5 сыныпты оқып жүрген кезде туған әкем қайтыс болып кетті. Әкем қайтыс болғаннан кейін әжемнің үйіне бара беретінмін. Анамның қасында қызықсыз болатын. Әттең, жас болғаннан кейін түсінбейміз ғой. Анам үйде жалғыз қалатын, өте момын кісі еді. Содан кейін анама көмектесу үшін жаз кезінде пойызда минералды су сататынмын. Әкем қайтыс болғаннан кейін келесі жылы анам да қайтып кетті. Баламын ғой ол кезде, «әттең, сол кісіні бағатын едім» деп қазір ойлаймын. Анам қайтыс болғаннан кейін әжемнің үйінде бір жылдай тұрдым. Кейін әкемнің туған інісі мені асырап алды. Ол кісінің екі баласы бар еді. Солармен бірге өстім. 11 сыныпты аяқтаған соң Алматыдағы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға түстім. Сол универде оқып жүріп студенттерге арналған бағдарлама арқылы АҚШ-қа кеттім. Мақсатым – шет ел көру, тіл үйрену. Айжан есімді құрбым екеуміз сол Америкаға кеттік», – дейді Жансая Диксон.
Осылайша АҚШ-қа аттанған Жансая ағылшын тілін білмейді, ақшасы аз, түнде қонақ үйлерді жағалайды. Қалтасындағы қаржысы таусылған қос құрбы адасады, жылайды, өкінеді. Кейін оларға америкалық жігіт көмектесіп, екі қазақ қызы еден жуушы болып жұмысқа орналасады. Содан кейін Америкаға арнайы бағдарламамен барған студент қазақ қыздарының елге қайтуына тура келеді.
Өйткені оқудың мерзімі аяқталған еді. Бірақ Жансая АҚШ-қа қайта баруды қалап, жалған анықтама жасатып, екінші рет Америкаға тағы келеді. Жансая бұл жолы Нью-йорк іргесінде орналасқан сауда орталықтағы дүңгіршекте шаш бұйралайтын заттар сатады. Сол кезеңде болашақ өмірлік жарын, яғни шет елдік күйеу баланы жолықтырады.
Өзге елде афроамерикалықпен көңіл жарастырған қазақ қызы екінші мәрте визасының уақыты аяқталғанын біледі. Қайта Қазақстанға қайту керек. Сол сәтте сүйіктісі күтпеген ұсыныс тастап, қарағандылық аруды АҚШ-та алып қалудың қамына кіріседі. Екі жастың махаббат хикаясы қалай өрбігенін Stan.kz Youtube арнасынан көріңіз.