Хит әндердің орындаушысы Ұланғасыр Қамиев айтыста жиі әділетсіздік болатынын айтты. Өнер иесінің сөзінше, тіпті жеңімпаз алдын ала белгілі болып қояды екен. Бұл туралы ол El kz ақпараттық порталының YouTube желісіндегі «Базарlike» бағдарламасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Домбыраны жанына серік етіп, үлкен сахналарда кіл мықты айтыскерлермен иық тіресе айтысқан Ұланғасыр Қамиев айтысқа неге шықпай кеткенін айтты.
«Мен соңғы екі жыл әншілікпен айналыстым. Бірақ 10 жылдай айтысқа қатыстым. Менің айтыстарым телеарнадан көрсетілген жоқ. Дегенмен халық арасында болмаса да айтыскерлер арасында жақсы таныла бастадым. Бірақ айтысқа білек сыбана кіріскен жоқпын. Ағам айтыскер болған соң қолыма домбыра алып келдім», — дейді әнші.
Өнерпаздың айтуынша, айтыста қанжығасы еш майланбапты. Ол тіпті өзіне деген әділетсіздік көп болғанын жеткізді.
«Айтысқа келген күннен кеткенше әділетсіздікке тап болдым деп айта аламын. Бізде айтыста мынадай болатын, «биыл мысалы осы ақын алады» деген. Ал келесі жылы басқа ақын алады. Жыл бұрын белгілі болатын, соған қарамастан айтысқа дайындаламыз. Жеңімпазды қанша жылға жоспарлағанын білмеймін. Мен өзім 10 жасымда бастадым айтысты. Арада жылдар өтіп, 17 жасымда жүлдені менің алатын кезім келді. Себебі бұрыннан жүрген ешкім жоқ. Менің жылым, мен жақсы дайындалдым, бірақ бас жүлде алмадым. Менің жылым келген кезде әділеттік орнап кеткенін түсінбеймін», — дейді Қамиев.
Өнерпаз айтыскер ақын, туған ағасы Дидар Қамиевтің де айтыстан кеткенін жеткізді.