Белгілі актер Ерлан Біләл El.kz ақпарат агенттігінің YouTube-тегі «Базарlike» бағдарламасында ұстазы Тұңғышбай Жаманқұловпен татуласуға әрекет жасағаны жасырмай айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Кино және таетр актері Тұңғышбай Жаманқұлов «Феникс» фильміне байланысты істі болғанда шәкірті Ерлан Біләлдің өзін қолдамағанын, керісінше қарсы жақтың сойылын соққаны үшін өкпелі екенін айтқан болатын.
Ерлан Біләл осыған қатысты жауап берді.
«Ол кісі менің ұстазым. Мен шамам келгенше ол кісіге араша түсуге тырыстым. «Аға, қойыңыз, тоқтаңыз, бұлай істемеңіз» деген сөздерімді, жанашырлығымды дұрыс түсінбеді. Біреудің айтуымен осылай айтты деп қабылдады. Өзі солай ойласа мен не істейін? Барынша ағам, ұстазым ретінде жақсылық жасауға тырыстым. Ал ол кісіге кім ақыл-кеңес берді, әлде өзі солай түсінді ме, білмеймін. Ол туралы айтпағаны да қалмады. Әлеуметтік желі, теледидар, газет-журнал бәріне айтардай-ақ айтты. Бірақ мен тайталасқым келмейді. Мен өзімнің пейілім, көңілім таза екенін білемін», – дейді Ерлан Біләл.
Актер «Тұңғышбай Жаманқұловтың келіншегі Дәрияны экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлынан кешірім сұрауға мәжбүрледі» деген айыптауды да жауапсыз қалдырмады.
«Соттың ісі болып бара жатты. Содан Дәрияға барып айтқаным рас. Бірақ мен оны мәжбүрлеген жоқпын. Қызыл тілге ерік берсеңіз неше түрліні айта береді ғой. Мен де айтар едім, бірақ айтқым келмейді. Артын қазып, шу қылғаннан ешкім береке таппайды. Қазір мен «ол былай болды, бүйткен де сөйткен» десем, ертең қаншама пікір туады. Оны бірі түсінсе, бірі түсінбейді. Қара нәрсемен алысқанша, адам жарыққа ұмтылу керек. Менің ұстанымым сол. Мені сол кісі оқытты, келіншегімен бірге оқыдық. Келіншегіне айтқаным рас. Өйткені ана кісі түрмеге кетіп бара жатты. Амал жасайық, тоқтатайық дегеніме кінәлі болып қалдым. Екеуіміз кездесіп қалып тұрамыз. Амандасамын, кейде қолымды алмай кетеді. Маған үй алып бердім дегені өтірік. Демеуші тауып үй алып берген Болат Атабаев», – дейді актер.
Ерлан Біләл ұстазымен тату болмаққа бекініп, өзі қадам жасағанын да жасырмады.
«Айтарыңызды тіліңіз жеткенше айттыңыз, қояйық, тату болайық, амандасып жүрейік. Бұл кімнен қалмаған өмір?» дедім. Бірақ «иә» деген де жоқ, «жоқ» демеді де. Мейлі, мен өз борышымды орындадым. Менің айтатын нәрсем көп. Бірақ мұның соңы жанжалға ұласады. Одан жұмыстың бәрін ысырып қойып осымен айналысу керек болады. Менің оған уақытым жоқ. Қазір ғылыммен айналысып жүрмін», – дейді Ерлан Біләл.