Жақсыгүл Байбекова – Тараз өңірінің тумасы. Қаршадайынан тағдырдың тауқыметін тартқан 78 жастағы әже өмірінде ешқашан тұрмысқа шықпағанын айтады. Қазіргі таңда бейтаныс әйелдің үйін паналап жүр. Туған-туыстары да бұл кісіден теріс айналған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат порталы.
Өмір жолында талай қиындық көрген кейуана әкесінен ерте айырылып, жалғыз анасының қолында өскен екен. Ол жас кезінде еш жерде жұмыс істемеген, шешесі екеуі тек бау-бақшадағы көкөністі сатып, күнін көрген.
«Негізі 1945 жылы 29 мамырда дүниеге келдім. Анам қайтыс болғаннан кейін жалғыз қалдым. Ауылда екі бөлмелі шағын үйіміз бар еді. Соны арзан бағаға сатып, осыдан 30 жыл бұрын Алматыға келдім. Қолға түскен ұсақ-түйекті базарда сатып, пәтер жалдап жүріп күнімді көрдім. Кейін жұмысым жүрмей қалды. Пәтердің ақшасын төлей алмай, аш қалдым», – деп әже әңгімесін бастады.
Алматыда түрлі қиындықты бастан өткерген кейуана тағдырының оңай болмағанын ашып айтты.
«Тағдырым ауыр. Аш та, жалаңаш та болдым. Ешкім көмектескен жоқ. Жас кезімде біреулердің үйіндегі шаруаларын істейтін едім. Ақшамды бермей ұрды да, соқты да. Мені ұрған адам өліп қалды. Менің көз жасым оңай ма... «Неге ұзақ өмір сүрдім екен» деп өмірімнің ұзақ болғанына таңғаламын. Туған-туысым жоқ, туысқанның бәрі қайтыс болып кетті», – дейді кейуана.
Егде жастағы Жақсыгүл Байбекованың айтуынша, ол ешқашан тұрмысқа шықпаған, ана бақытын сезініп көрмеген. Жас кезінде сүйген жігітімен серттесіп, көңіл қосқан еді. Алайда әлгі ғашығы ойда-жоқта өмірден озған екен.
«Жас кезімде анам: «Тұрмысқа шықсаңшы, о дүниеге дейін немерімді көріп кетейін» дейтін. Ұлы сөзде ұят жоқ, сүйген жігітім болды. Ауылда трактор айдайтын. Сол жігітпен сөз байласып, үйленеміз деп жүргенде, ол жігітті трактор басып қайтыс болып кетті. Ол жігітті қатты жақсы көретінмін. Сол кезде өз-өзімнен көңілім қалды. «Ешқашан тұрмысқа шықпаймын, сенің рухыңды күтемін» деп тұрмысқа шықпай қалдым. Қателік көп жібердім. Алматыға келгенде де сөз айтқан адамдар болды. Несін жасырайын, басыма келген бақты тептім ғой. Мені солардың көз жасы ұрды ғой. Бала-шағам жоқ», – деп жылады кәрі әйел.
Бірнеше жыл бойы Алматыдағы Көк базардың маңында өлместің күйін кешкен кейуананы Жанат Жүсіпова есімді жалғыз басты келіншек 2018 жылы өз қамқорлығына алып, жалдамалы пәтеріне кіргізіп алған екен. Бүгінде олар бір шаңырақ астында тұрып жатыр.
«Негізі көп кісі «Қарттар үйіне неге жібермейді? Қиын емес пе? Ертең жатып қалған жағдайда қалай болады?» деген әңгімелер жиі болды. Қарттар үйінен кісілер де келді. Мен бұл кісіні ол жаққа бергім келмеді. Шамам жеткенше қараймын. Қарттар үйін өзім жақтырмаймын. Әкем де, анам да тірі. Бұл кісі өткен күнінің бәріне өкінеді, өте қатты жанына батады, жиі жылайды. «Алғысы маған қайтпаса да, бала-шағама қайтар» деп өзімнің қолыма алдым», – дейді Жанат есімді әйел.