вторник, 26 ноября 2024 г.
icon
498.51
icon
522.84
icon
4.81
Алматы:
icon
-0oC
Астана:
icon
-5oC
×

Жан Мұқанов: «18 жасыма дейін әкемді жек көрдім»

Продюсер Жан Мұқанов үйінің тұңғышы болғандықтан, үлкен әжесінің қолында өскенін айтты. «Ұрпақ» подкастында өнер иесі әкесін 18 жасына дейін жек көргенін баяндап берді, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Фото: instagram.com/impresario.tv
Фото: instagram.com/impresario.tv

«Мен үлкен апамның қолында өскенмін. Ол кісі әкемнің анасының анасы еді. Сегіз жасыма дейін апамның қолында өстім. Кейін ол кісіні ата-анам өз қолына көшіріп алды. Үйде апам екеуіміз ғана тұрғанбыз. Құран кітабы үйде үстел үстінде тұратын. Үш жасымнан апам Құран кітабын оқытатын.

Қатты еркелететін, әрі қатты ұстайтын. Ата-анамды «ана», «әке» деп атамайтынмын. Ауылда мұғалімдер маған 3 деген баға қоюға қорқатын. Сол кездер әдемі күндер болды. Жазғы демалыста қой бақтым. Таңертең қой бағуға кетерде апам қолыма мыжыма мен шалап беретін.

14 жасымда анам мені Екібастұзға білім алу үшін жіберді. Сабақты осы жақта оқып, осы жақта өстім. Ауылда біз өте бай тұрдық. Анамның өз кәсібі болатын. Әкем жүргізуші еді. Бүкіл ауылда бір ғана автобус бар. Бізден бай адам болған жоқ. Бізде ғана магнитофон болатын.

1996 жылы анам мен әкем, інім мен қарындасым кеп тұр. Анам жылап отыр. «Апам қайтыс болды ма» деп шошып кеттім. Сөйтсем, үйіміз өртеніп кетіпті. Екібастұзға көшіп кеттік. Сол кезде қиын күндер болды. Әкем күніне 300 теңге табатын. Үйде тек макарон, нан, шай болатын. Өте бай боп жүріп, осылай қатты кедей боп қалдық», — деді Жан Мұқанов.

Сонымен қатар Жан Мұқанов ата-анасымен қарым-қатынасы жайлы айтты.

«Әкеммен қиындау болды. Әкем қатал болатын. Қайтыс болғанына екі жылдай болды. 18 жасыма дейін мен әкемді қатты жек көретінмін. Өйткені, сөйлеспейтінбіз. Туған інімді қатты жақсы көрді. 12 жасында оны көліктің рөліне отырғызып, бірге ертіп жүретін.

Ал мен 18 жасқа келсем де, көлік жүргізе алмайтынмын. Достарым «Менің әкем осындай» десе, мен айта алмайтынмын. Соған ашуланатынмын. Анам қант диабетімен қатты ауырды.

Сосын жұмыс істемеді. Әкем күні-түні жұмыс істеді. Соған ризамын. Әкемді тек 18 жасқа келгенде түсіне бастадым», — деді жан сырын ақтарған Жан Мұқанов.

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 1