Танымал әзілкеш, «Өнер қырандары» театрының актері Жанболат Найзабек өзінің бастығына су жаңа автокөлік сыйлады, деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Театр ұжымы сыйлықты ерекше ұсынды. Жанболат Найзабеков бастаған театр актерлері Мадияр Серікбаевқа пранк жасады. Жанболат ұжымдағы әріптестерін дастархан басында жинап, театрдан кеткелі жатқанын айтты.
Ол өзіне Ресейден ұсыныс түсіп жатқанын және алға қарай дамығысы келетінін айтып, ақталды. «Өнер қырандары» театрының 15 жыл толуына орай алдағы 2 айға Қазақстан бойынша концерттер жоспарланған еді.
Күтпеген жерден мұндай жаңалықты естіген театр директоры Мадияр Серікбаев басшыға сай байсалдылық танытып, әріптесінің мұндай шешіміне түсіністікпен қарады.
Алайда көңілсіз отырыстың соңы қуанышқы ұласты. Жанболат Найзабеков отырыстағы жолдастарынан сыртқа шығуын өтінді. Сыртта театр басшысын ақ түсті Тoyota Land Cruiser 200 маркалы темір тұлпар күтіп тұрды. Нарықтағы бағасы 60 млн жоғары.
«Дұға ғой, Мәке. Алла «әр амал ниетке байланысты» дейді. 15 жылдың ішінде сіз дүниеге де, үйге де қызықпайсыз. Сіздің жаныңызда қымбат көлік мінуге ыңғайсызданамыз. Аллаға шүкір, осы уақытқа дейін театрды алға қарай жетелеп келе жатырсыз. Біз сізге разымыз, сізді жақсы көреміз. Сіз – әмірсіз, басшысыз. Бұл халықтың дұғасы. Сіз халыққа қызмет етіп жүрсіз. Халықтың дұғасы сізге темір тұлпар мінгізді», — дейді Жанболат Найзабеков.
Мадияр Серікбаев өз кезегінде мұндай тосын сыйды күтпегенін айтып, әсерімен бөлісті.
«Алла разы болсын! Мен бұлай болады деп ойлаған жоқпын. Менің көлігімнің қиындығы жоқ, жүріп жүрмін, әйтеуір. Менің қиналып жүргенімді көріп, қиналып жүрген достарым, сендерге рахмет», — дейді театр басшысы.