«JAIYQ SAZY» халықаралық этнофестивалі Оралда 50 мыңнан астам көрермен жинады
Қала күніне арналған мерекелік онкүндік аясында Оралда «JAIYQ SAZY» халықаралық этнофестивалі өтті. Ашық аспан астында ұйымдастырылған ауқымды мәдени шараға облыс орталығының 50 мыңнан астам тұрғыны мен қонағы қатысты.
Фестивальге Қазақстан, Түркия және Өзбекстанның танымал орындаушылары мен музыкалық ұжымдары қатысты. Сахнада Жұбаныш Жексенұлы, Bayansulu, Тұрар, Мақсат Рахмет, Ақылбек Бектасов, Тілек Базаров, «СақТау» этно-фьюжн триосы, сондай-ақ Түркия мен Өзбекстаннан келген Murat Yaprak пен Севара Туланова өнер көрсетті.
Іс-шара 2026 жылға арналған республикалық мәдени-туристік іс-шаралар жоспарына енгізілді.
Фестиваль бағдарламасында дәстүрлі өнер мен заманауи музыкалық бағыттар үйлесім тапты. Көрермендерге халық әндері, күйлер мен жыр-термелер ұсынылып, ұлттық билер және заманауи эстрадалық нөмірлер көрсетілді. Мерекелік кеш әсем отшашумен аяқталды.