Шымкенттік кәсіпорын отандық ойыншық өндірісін дамытып келеді
Шымкентте отандық өнім өндіру бағытында жұмыс істеп жатқан кәсіпорындардың қатары жыл сайын артып келеді. Солардың бірі – балаларға арналған пластик ойыншық шығаратын «Navruz Plastic» кәсіпорны, деп хабарлайды ИА «NewTimes.kz».
2011 жылы жұмысын бастаған өндіріс орны бүгінде 2-8 жас аралығындағы балаларға арналған 30-дан астам ойыншық түрін шығарады. Кәсіпорынның ай сайынғы өндірістік қуаты 20 мыңға жуық өнімді құрайды. Мұнда 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Кәсіпорынның негізін қалаған кәсіпкер Рабиға Байтемірова бастапқыда отбасымен бірге Өзбекстан, Қытай, Иран және Түркиядан ойыншықтар мен кеңсе тауарларын әкеліп, көтерме саудамен айналысқан.
Нарықты бірнеше жыл зерттей келе, дайын өнімді сырттан тасымалдаудың орнына, ойыншықтарды Қазақстанда өндіру туралы шешім қабылдайды. Бұл бастамаға 2010 жылы Қытайдың Гуанчжоу қаласына барған сапар да әсер еткен. Өнеркәсіптік тауарлар мен жабдықтар көрмесіне қатысқан кәсіпкерлер ойыншық өндіру технологияларымен танысып, станоктар мен қалыптарды таңдауға кіріседі. Осы жұмыстарға кәсіпкердің ұлы Наурызбек Байтеміров пен өндіріс инженері Шухрат Юлдашев те атсалысқан. Бір жылға жуық дайындықтан кейін, 2011 жылы алғашқы сынақ станогы мен қалыптар орнатылып, өндіріс іске қосылды.

«Кәсіпорында ойыншық жасауға қажетті негізгі шикізат – полипропилен Атырау қаласындағы өндіріс орнынан жеткізіледі. Шикізаттың сапасы мен шығу тегін растайтын сертификаттары бар. Ал дайын өнім мемлекеттік стандарттау және сертификаттау талаптарынан өткеннен кейін ғана сатылымға шығарылады. Кәсіпорын өнімдерінің негізгі нарығы – Қазақстан. Қазір ойыншықтар еліміздің барлық өңірлері мен қалаларына жеткізіледі. Өнімнің қолжетімді бағасы мен сапасы сұраныстың тұрақты болуына ықпал етіп отыр. Ойыншықтар күнделікті тұтынумен қатар, туған күн, бесік той және басқа да мерекелерге сыйлық ретінде алынады», - дейді кәсіпкер Рабиға Байтемірова.
Өндірісті дамытуға мемлекеттік қолдау тетіктері де пайдаланылған. Кәсіпорын «Даму» және «Атамекен» бағдарламаларымен жұмыс істейді. 2016 жылы «Оңтүстік» индустриялық аймағынан 0,3 гектар жер учаскесі бөлінген. Сонымен қатар компания қазақстандық өндірушілердің өнімдері ұсынылатын көрмелерге қатысып, өз өнімдерін таныстырып келеді.
Кәсіпорын ішкі нарықпен қатар, экспорттық бағытты да кеңейтуді көздейді. Қазір Қырғызстан және Тәжікстанмен өнім экспорттау бойынша келіссөздер жүргізілуде. Ал Ресейге тауар жөнелту 2022 жылдан бері уақытша тоқтатылған. «Navruz Plastic» әлеуметтік бағыттағы жұмыстарға да қатысады. Кәсіпорын жыл сайын Наурыз мерекесі мен Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында балалар үйлері мен әлеуметтік мекемелерде ұйымдастырылатын қайырымдылық шараларына қолдау көрсетіп, ойыншықтар табыстайды.
Он бес жылдан астам уақыт ішінде кәсіпорын «Алтын сапа», «Іскер», «Қазақстанның үздік тауары» сынды байқауларда марапаттарға ие болды. Компания қоржынында ордендер, медальдар, дипломдар мен құрмет грамоталары да бар. Мемлекеттік «Алтын сапа» сыйлығын Мемлекет басшысының қолынан алу кәсіпорын үшін маңызды жетістіктердің бірі болды.
Бүгінде Шымкентте өндірілген ойыншықтар Қазақстанның барлық өңіріне жеткізіліп отыр. Кәсіпорын алдағы уақытта өндіріс көлемін арттырып, өнім түрлерін көбейту және экспорттық нарықты кеңейту бағытындағы жұмысын жалғастырмақ.