Өзбек руханиятының бір бұтағы ретінде кешегі КСРО кезінде атағы аспандаған әйгілі «Гунча» ансамблін білмейтіндер бүгінде кемде-кем. 40 жылдық тарихы бар бұл өнер ұжымы 1975 жылы халық ансамблі атағын алған. Қазақстандағы ең танымал халық ансамбльдің 40 жылдық мерейтойы Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығымен тұспа-тұс келді. Жуырда ансамбль өзінің 40 жылдығын атап өтіп, концертін Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арнады.
Музыканттарды мерейлі тойымен құттықтауға Сайрам ауданының барша жұрты жиналды. Концерт өткен Сайрам ауылындағы өзбек драма театрының залы халыққа лық толды. Ансамбль мүшелерін тойымен құттықтауға келген ОҚО мәдениет басқармасының басшысы Күлия Айдарбекова «Гунчаның» нағыз халықтық ансамбль екенін, оның осынау жоғары атаққа халықтық музыкаға деген сүйіспеншілік пен өз тыңдарманына деген жоғары махаббатының арқасында ие болғанын ерекше атап өтті.
Мерейтой өтетін күні ансамбль мүшелері халықты тойына таң атпай керней тартып шақырды. Өзбек халқының бұл да бір тойға шақыру дәстүрі.
Бүгінде анамбльде тоғыз адам жұмыс істейді. Олардың бәрі түрлі аспапты меңгерген кәсіпқой музыканттар. Олар өз танымалдығын қарапайым ғана түсіндіреді: халықтық музыка қашан да сұранысқа ие. Ансамбль мүшелері алдағы уақытта қатарларына жастарды тартуды жоспарлап отыр.
Ансамбльдің өміріндегі есте қалған сәт – Қазақстан Республикасы президентінің алдында өнер көрсетуі.
«Бұл 2009 жылдың 30 қыркүйегі еді. Павлодарда Достық үйі ашылған. Біз соған қатысуға шақырту алдық. Сол жолы өзбек ұлттық аспаптарында қазақ композиторларының шығармаларын орындадық, - деп еске алады ансамбль жетекшісі М. Мирхашимов.
Ансамбль мүшелері тек Оңтүстік өңірде ғана емес, Қазақстанның, ТМД елдері мен Орта Азияның бірнеше қалаларында өнер көрсетіп, көрермендер ықыласына бөленді. Өнерпаздар өзбек музыкасымен ғана шектелмейді. Түрлі той-томалақтарды айтпағанда, жыл бойы Алматы, Астана, Көкшетау, Қызылорда секілді қалалар тұрғындарының арнайы шақыртуымен гастрольдік сапарға шығып, қазақ, орыс, тәжік, үнді халықтарының шығармаларын орындап, концерт береді.