Жуырда Шымкенттегі А.С.Пушкин атындағы облыстық әмбебапғылыми кітапханада Оңтүстік Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен «Грузин фильмдері және оны әлемнің мойындауы» тақырыбында киноларға шолу жасау кеші өтті. Кештің өтуіне ОҚО грузин этномәдени бірлестігі атсалысты.
Кешке Шымкенттегі А.С.Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназияның оқушылары мен мұғалімдері, жоғары оқу орындарының студенттері, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Е.Байқонақов, ОҚО славян этномәдени бірлестігінің төрағасы Ю.Кирюхин және ОҚО грузин этномәдени бірлестігінің төрағасы З.Р. Бочоришвили қатысты.
Алдымен аудиторияға грузин киноларының тарихы таныстырылды. Резо Чхеидзенің «Отец солдата», Георгия Данелияның «Не горюй!» және «Мимино» киноларынан үзінділер көрсетіліп, грузин киносының ерекшеліктерін осы жиынға қатысушылардың өзі анықтауға мүмкіндік берілді. Сөйтіп, оқушылар мен студенттер грузин киносын әлем жұртының неліктен мойындайтынының құпиясын ашуға тырысты.
Жалпы, грузиндер - салт-дәстүрге, аңыз-әпсаналарға бай халық. Олардың жаратылысы да ерек. Әр грузин өз мәдениетін, тарихын, ұлттық қасиеттерін, өз ұлтын мақтан тұтады. Діні мен тіліне құрметпен қарайды. Сол арқылы басқалардың да оны қадір¬леуін қалайды. Өздері «на¬ғыз грузин» болуға ұмтылады. Олардың өз ұлтын мақтан етуі, ұлттық келбетін сақтау катали¬заторы тәрізді. Грузиндер – өте тәкаппар, кісінің ала жібін аттамайтын халық. «Грузин үшін көр¬ші туыспен тең».
Грузиндер мен қазақ халқының арасында кейбір салт-дәстүрлер өте жақын, көпшілігі мазмұндас, мәндес десек те болады. Сонымен қатар, олардың өздеріне ғана тән ерекше дәстүр-жоралғылары да жоқ емес. Мысалы, грузиндер қонаққа барғанда көшеге киетін аяқ киімдерін шешпейді. Егер аяқ-киіміңізді босағаға шешіп қалдырсаңыз, үй иелерінің көңіліне кірбің түсуі мүмкін. Ал біздің ұлтқа ұқсастығы – етті қолымен жейтіндіктері. Сондай-ақ, олар кәуап пен өзге де ұлттық тағамдары хинкалиді де қолымен жейді. Тіпті, ондай тағамдарды қасық немесе шанышқымен жейтін болсаңыз, күлкіге қаласыз. Міне, грузин киноларының әлемді мойындатуының сыры ұлттың осындай «ерекше» мінезінде жатса керек.
Кино көрсетілімінен соң викторина ұйымдастырылды. Сайысқа белсенді қатысқан оқушылар мен студенттерге ОҚО грузин этномәдени бірлестігінің төрағасы З.Р. Бочоришвили сыйлықтар тапсырды.