пятница, 11 октября 2024 г.
icon
490.84
icon
536.88
icon
5.04
Алматы:
icon
22oC
Астана:
icon
6oC
×

«Хиджаб» мәселесі білім алуға кедергі болмауы тиіс

Зайырлы мемлекет қызметінің, діни құндылықтардың бағдары мен талабының әр түрлі болуы қазіргі әлем елдерінің басым көпшілігіне тән құбылыс. Мемлекеттік жүйе қоғамда өмір сүріп, білім алып жатқан барлық азаматтарға бірдей мүмкіндіктер жасауға негізделеді. Ал діни қағидаттар дінді ұстанушыларға ортақ міндеттер жүктейді. Осыған орай, Қазақстан қоғамында соңғы бірнеше жыл көлемінде екіұшты пікір қалыптастырып келе жатқан түйткілді мәселелердің бірі − мектепте діни үлгідегі киім киюге қатысты ұстанымнан туындап отыр.

ҚР Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы №26 бұйрығына сәйкес мектеп формасына қойылатын талаптар «білім берудің зайырлы сипатын іске асыруға және орта білім беру ұйымдары білім алушыларының арасында әлеуметтік, мүліктік және басқа да өзгешеліктердің белгілерін жоюға бағытталған».

ҚР «Білім туралы» Заңының 47-бабының 15-1-тармағына сәйкес «Орта білім беру ұйымдарында білім алушылар білім беру саласындағы уәкілетті орган белгілеген, міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтауға міндетті. Өзге білім беру ұйымдарында білім алушылар білім беру ұйымында белгіленген киім формасын сақтауға міндетті».

ҚР Білім және ғылым министрлігінің мектеп формасына қатысты талаптарын түсіністікпен қабылдаған жөн. ҚР Конституциясы мен заңдары азаматтарға барынша кең құқықтар берумен қатар олардың мемлекет пен қоғам алдындағы міндеттерін де айқындап берген.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Біз мұсылман жамағаты мен ата-аналарды оқу орындарының мектеп оқушыларының киім үлгісіне қатысты қойылатын талаптарына түсіністікпен және сабырлықпен қарауға шақырамыз. Бұл мәселені ушықтыру дұрыс емес. Өйткені елімізде орамалға түбегейлі тыйым салынбағанын түсінуіміз керек. Тек орта мектептерде киім үлгісін бірізділікке түсіру мақсатында шешім қабылданған» деп аталмыш мәселеге қатысты өз ресми ұстанымын білдірген болатын.

Қазақстанның кейбір діндар азаматтары мектеп жасындағы қыздарының киім үлгісі ортақ зайырлы оқу орындарында білім алуынан бас тартып, оларды діни оқу орындарына тапсырумен шектелмек. Мектеп ережесіне сәйкес белгіленген мектеп формасын кигізуден бас тартқан ата-аналардың өз қыздарын сабаққа жібермеу оқиғаларының орын алғандығы белгілі. Бұндай факттерге негізделе отырып, бүгінгі таңда қыз балалардың білім алуына «хиджаб» мәселесінің кедергі болып отырғандығын айта аламыз. Дегенмен, Ислам діні бойынша білім алу және мемлекет заңына мойынсұну – парыз болып табылады.

Қазақстан Республикасы барлық азаматтарға, оның ішінде мұсылмандарға да, сенім бостандығына қатысты барынша жағдай жасап беріп отыр. Мектептен басқа жерлерде орамал тағуға тыйымның салынбағандығын естен шығармаған жөн. Парасатты ұрпақ білім мен рухани тәрбиенің тоғысуынан туындайды. Мектепте ортақ киім формасын қалыптастыру ұлт болашағы мен тұтас ұлттық сана-сезімнің дамуы үшін рухани қажеттілік болып табылады.

Елдің саналы азаматтары «хиджаб» сияқты қайшылықты мәселелерді желеулетіп жүрген кейбір мүдделі топтардың арандатушылығына тосқауыл бола білуі қажет. Ел тұрақтылығы үшін руханиятты дамыту жолында асығыстық пен күйгелектікке бой бермей, ортақ тілге келіп, ынтымағымызды жаңғырта білгеніміз жөн.

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0