+7 (7172) 30 85 71

Написать нам в WhatsApp: +7 (700) 402 32 92
22.11.2016 в 21:03

Отан қорғау – асыл қасиет

Бізді жоқтан бар етіп жаратқан Жаппар Иеміз Алла Тағалаға сансыз мадақтар болсын! Әрбір ісіміздің өзі мүбәрак амалдарымен шапағат болатынын баяндап өткен Алла елшісі Мұхаммедке салауаттарболсын!

Отан, мемлекет, ел, жер, ұлт, халық, атамекен сияқты киелі ұғымдарды қадірлей білу - санада патриоттық сезімнің қалыптасуына ықпал етеді. Жастарды отаншылдыққа тәрбиелеу басты мақсат болса, отаншылдық сана –сезім, іс-әрекет осы жолдағы өзін –өзі тәрбиелеу оның басты бағыты. Отанға, елге деген сүйіспеншілікті Жүсіп Баласағұн, Қожа Ахмет Ясауи, Махмұд Қашқари еңбектерінен көруге болады. Сол сияқты кешегі Ұлы Отан соғысында адамзатты құлдық қамытынан құтқару үшін жан аямай соғысқан ержүрек батыр ата-бабаларымыздың ерліктерін біз мәңгі мақтаныш етуміз керек.

«Отан оттан да ыстық» деген сөз бар. Қазір осысөз шындыққа айналды. Ол үшін өз ұлтыңды шексіз сүю қажет. Ұлтты сүймесек ана тілімізді қадірін білмейміз. Ұлтты сүю ұлтшылық емес, ұлтжандылық. Сондықтан біз ең басты туған жерді көркейту үшін жан аямай еңбек етуге, еліміздің рәміздеріне құрметпен қарауға, бақа ұлттарға салт –дәстүрімізді өнеге етуге тиіспіз.

Асыл дініміз - Исламда да отансүйгіштікке, туған еліңді қадірлеугеайрықша мән берілген. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) Отаныңды, яғни тарихи мекеніңді сыртқы дұшпаннан қорғаудың қаншалықты сауап екендігі жайында бірнеше хадистер қалдырған. Бірде бір сахаба Пайғамбарымыздан (с.ғ.с): «Я, Расулаллаһ! Ең абзал амал не?»-деп сұрағанда, Алла елшісі (с.ғ.с): «Шекараны, Отанды қорғау үшін бір күн, бір түн күзетте тұру бір ай нәпіл ораза ұстап, түнде намаз оқудан қайырлы», - депті.

Ертеде көшпенді өмірдің берекесін көрген қазақ өркениетінде отансүйгіштік қасиетті міндеттердің бірі саналды. Ежелгі түркі қағандығы кезінде тасқа қашалған Күлтегін ескерткішінде де ол жайында көптеген сөздер жазылған. Оларда ел билеген азаматтардың отаншылдық үлгілері жайында көрініс тапқанын көпшілік жақсы біледі. Одан бергі кезеңдегі Төле, Қазыбек, Әйтеке билер мен Ақтамберді, Бұқар жыраулар да Отанды сүюге бағытталған мағыналы әңгімелерін ел-жұртқа жая білді. ХХ ғасырдың басында өмір сүрген А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, Ж.Аймауытов, С.Торайғыров, М.Жұмабаев секілді қазақтың ұлт зиялылары мен қайраткерлері отансүйгіштік жайында тек жазып қана қоймай, оны іспен де көрсете білді емес пе?! Міне, біздің дәстүрлі дін деп жүргеніміз осы болар...

Қашаннан да имандылық жүрегінде ұялаған адам ешқандай жат қылықтарға бармайды. Ақыл мен жүректің түйісіп, өзара ортақ әрекеті нәтижесінде өмірдің мәні мен мағынасын ұғынатын әрбір адам имандылықты өте жоғары бағалап, жүрегінен өшірмеуге тырысады. Иман - адамзат баласы үшін асыл қазына. Ол адам баласын пәни дүниеде де, бақилық өмір ақиретте де бақытқа бөлейді. Осындай тылсым қазынаны бағалай білу кей жағдайда адам баласының барлығына бұйыра бермейтіні өкінішті. Дегенмен, Жаратушы Иеміз бізге ақыл мен сана беріп, он сегіз мың ғаламның сырын ұғынатын дәрежеге жеткізді. Алайда, кейбір адамдар фәниде пендешілікке ұрынып, сондай баға жетпес қазынаның қадірін түсіне алмай жататыны көкейге өкініш ұялатады.

Отанды сүю - иманнан. Әр адам үшін кіндік қаны тамып туып өскен жерінен, яғни, өз Отанынан қымбат жері жоқ. Қандай бір шет елде болса да сол бір шаң басқан, қаңбағы желмен қаңғырған туған жерін сағынады да тұрады. Отанымыздың ұлтарақтай ғана жері үшін қаһарман ата-бабаларымыз қасық қаны тамғанша күресіп, бізге мирас етіп қалдырды. Сондықтан барлығымыз ата-бабаларымыздан қалған жерді аманат деп, көздің қарашығындай сақтау - баршамыздың борышымыз. Әр адамға өз Отанын қорғау, оны сақтау - парыз.

Ислам дінінде жүрек - адамның өзегі, дәні деген ұғым бар. Адам баласы ес білгеннен жүрек арқылы жетіледі. Жұмыр басты пенденің тұла бойындағы ізгі қасиеттің барлығы жүректен шығады. Жүрек қандай болса, адам да соның ыңғайымен жетіледі немесе өзіне талап етілетін мәртебесінен төмен түседі. Мұсылман ұғымында иман ұясын салмаған жүрекке перде тұтылады, оны кір шалады деген түсінік бар. Мұндай жүрек адами қасиеттен адыра қалып, өзінің бет-бейнесін жоғалтып алатыны айқын, яғни олар Жаратқанды танып-білуге қабілетсіз деген мағына шығатындай.

Алла тағаланың Құран кәрімде «Рағыд» сүресінің 28 аятында:«Біліп қойыңдар! Сендердің жүректерің Алланы еске алумен ғана тыныштық табады»,-деген терең мағыналы сөз бар. Міне, осы аятты терең түсіне білуіміздің өзі барлық мұсылмандық болмысымызға жеткілікті десек болады. Себебі, қандай да бір кісі ұрлық жасаса, кісі ақысын жесе, кісіге қол жұмсаса, ішімдікке салынса деген сияқты барлық жаман әдетке жүрегінде «Алла» деген қорқынышы мен үміті, Оның мейіріміне деген ниеті болмағандықтан иманы әлсіздік танытып, азғырушы әзәзіл Ібілістің жетегіне орай беріліп кете береді екен. Кімде-кім Алланы үнемі есіне алып, Оның берген нығметіне шүкіршілік етіп, сәждеге бас қойып, иманның биігінен табылса, онда оның жүрегі жай табары сөзсіз. Өмірдің кей сынақтарымен қиыншылықтар келгенімен, оны Алланың бір сынағы ғой деп сабырлықпен қарсы алар еді. Міне, осыдан кейін ғана ақылы бар әрбір азаматтың жүрегінде отансүйгіштік қасиет пайда болып, «осы еліме ол берік болып, ауызбіршілігі мен бейбітшілігінде шалқып өмір сүру үшін не істесем болады екен?!», - деген сауал туындары хақ.

Ақылдың шектеулі өлшемімен шешілмейтін небір тылсым әрі тұңғиық түйінді мәселелерді талқыға салмай, таразыламай тәсілім ету (қалтқысыз сену) керек.

Жалпы, иман тақлиди және тахқиқи деп екіге бөлінеді. Алғашқысы қоршаған ортаның әсерімен немесе біреулерден естіп, соларға елітіп мақұлдау болып табылады. Бұл иманның әлсіз түрі болып саналады. Ол жайлы қазақтың дана ақыны, ғұламасы Абай:«Оны сақтауға қорықпас жүрек, айнымас көңіл, босамас буын керек», -деген ойын білдірген. Ал тахқиқи иман дегеніміз - санамен саралап, сезіммен қуаттап, зерттеп іздену нәтижесінде толық көз жеткізу екені белгілі. Мызғымас бекем сенім болып табылатын мұндай иман жоғары бағаланады.

Талай даналығымен дүйім елдің ардақтысына айналған Әйтеке би:«Өмірім халықтыкі, өлімім ғана өзімдікі», -деп халыққа қызмет етуді өзіне басты парыз санаған. Оны отаншылдықтың нағыз айнасы деп айта аламыз. Сондай-ақ, қазақ халқының ұлт болып ұйысуына көп еңбек сіңірген Тәуке хан өмір сүрген заманда қазақ үшін отаншылдық байлықтан да жоғары бағаланды. Өкінішке орай, қазіргі таңда кейбір пенделер байлық үшін адалдықтың ақ туын аттап, өзінің азамат деген атына кір келтіретін жат әрекеттерге барып жататынын көзіміз көріп-ақ жүр. Мұндай жағдайда ертедегі қазақ қоғамында қалыптасқан мызғымас өмір сүру дағдысы еске оралады. Сондықтан қай уақытта жүрек түбінде иманды ұялатып, әрбір қадамыңды ойша саралап, ақырын жүріп, анық басқаның артық емес. Бүгінгі таңда ашуға ерік беріп, туған жерге қызмет етуді ұмытып жататын пенделер баршылық.

Пайғамбарымыз «Барлығың бақташысыңдар(жауаптысыңдар). Басшы еліне, отағасы отбасына, малшы малына жауапты. Әркім өз қарамағындағыларға сұраққа тартылады», - деп айтып кеткен. Олай болса, әрқайсымыздың өз жауапкершіліктеріміз бар. Яғни, бір басшының қандайда бір кемшілігін көріп жатсақ, бассалып қарсы шығу емес, өз жауапкершілігімізді түсініп, сол нәрсені болдырмауға тырысуымыз қажет.

Өз заманында Пайғамбарымыз өзі дүниеге келген қаласы Меккедегі мүшіріктерден көп жапа шегіп, Мединаға қоныс аударып бара жатып, бір тауға шығып, артына қараса, Мекке алақандағыдай толық көрініп тұр екен. Сонда Алла елшісі: «Ей, Ибраһим ﴾а.с.﴿ дұға еткен шаһар, жетпіс алты пайғамбар өткен шаһар, Құран аяттары түскен шаһар! Ей, Алланың үйі Қағба орналасқан шаһар! Кіндік қаным тамған шаһар! Сені тағы көруді Алла тағала нәсіп етсін!», - деп көзіне жас алып, сағынышы мен қимастығын жасыра алмағанын білеміз. Туған жер мұншама ыстық болмаса, Отан соншама қадірлі мекен болмаса, екі дүниенің сардары, адамзаттың ардақтысы болған Мұхаммед пайғамбарымыздың өзі соншалық толқымас еді ғой.

Ата-анамыз бен өзіміздің кіндік қанымыз тамған ыстық та сүйікті отанымыз біз үшінде қимас отан. Бірақ, Аллаға сансыз шүкірліктер айтуымыз керек, пайғамбарымызды сүйікті Мекке қаласынан біраз уақытқа алшақтатқанындай бізді отанымыздан айырған жоқ. Қашан қаласақ туған мекенімізге еш бөгетсіз-ақ бара аламыз. Бұл үлкен нығмет.

Бұдан былай ата-бабаларымыз қорғаған, кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдырған Отанның азаттығы, бейбітшілігі мен тыныштығы сол елде өмір сүретін бізге аманат. Бұл жолда біз имандылық сезімін алға шығарып, қасиетті мекеннің әрбір жақсылығы мен қуанышына ортақ болып жатқанымыз артық емес.

Қазіргі таңда Қазақстан жер бетінде тәуелсіз ел ретінде тіршілігін жасап, қаншама жарқын істердің жүзеге асуына ұйытқы болды. Қазақ елі қарыштап дамып, өзге жұрт алдында еңсесін тіктеді. Алға қойған мақсатпен халық болып, елу елдің қатарына ендік. Алла бізді соған жеткізді. Енді отыз елдің қатарында болуды жазсын дейміз. Еліміздің өсуі біз сүйетін отанымыздың абыройы. Абырой бар жерде өзгелердің сыйластығы болары сөзсіз. Сыйластық болған жерде міндетті түрде тыныштық орнары хақ.

Руслан Қызыханов,

ОҚО Созақ аудандық «Шолаққорған» мешітінің имамы


Редакция

Новости Казахстана

Полное воспроизведение или частичное цитирование материалов агентства допускаются только при наличии гиперссылки на ИА «NewTimes.kz» в первом абзаце. Фото- и видеоматериалы агентства могут быть использованы только с указанием авторства «NewTimes.kz». Использование материалов ИА «NewTimes.kz» в коммерческих целях без письменного разрешения агентства не допускается.

© 2013-2019, «NewTimes.kz». Все права защищены.
Об агентстве. Правила комментирования. Реклама на сайте

Республика Казахстан, 010000
г. Нур-Султан (Астана), К. Сатпаева, 13А
Тел.: 8 (7172) 308571
Email: n.times@mail.ru

Мы в соцсетях

       

Приложения Newtimes для:
iPhoneAndroid

  Яндекс.Метрика