суббота, 23 ноября 2024 г.
icon
494.87
icon
520.65
icon
4.91
Алматы:
icon
-3oC
Астана:
icon
-6oC
×

Қияметтің кіші және үлкен білгілері

«Қиямет» сөзі сөздікте «орнынан тұру, түрегеліп тұру» деген мағыналарды, ал терминдік мағынасы болса «жаратылыстағы жалпы жүйенің Ұлы Жаратушының бұйрығымен бұзылып, күл-талқаны шыққаннан кейін өлгендердің қайтадан тірілтіліп, махшар алаңына қарайбет алуын» білдіреді. Демек, қиямет дегеніміз – өлгеннен кейін қайта тірілу.Кәміл иманды адам әлемдегі барлық тіршілік атаулының осы дүниедегі ғұмыры тұйықталар күннің боларына күмәнсыз иман келтіреді.

Құран Кәрімнің көптеген аяттарында қиямет жайлы баяндалады. Мысалы, «Ағраф» сүресінің 182 аятында. «Олар сенен қияметтің қашан болатынын сұрап жатыр. Оларға айт: Оның қашан болатынын жайлы мәлімет тек қана Раббымның құзырында ғана. Оның уақытын Одан басқа ешкім білдіре алмайды. Қиямет көктегігі де, жердегіге де (қиындығы, қорқыныштылығы соншалық) ауыр келеді. Қиямет сендерге кенеттен келеді.Сен оны білетіндей олар сенен (қашан болатынын) сұрастырады. Оларға: «Қияметтің уақыты жайлы мәлімет тек қана Алланың жанында. Бірақ адамдардың көбісі мұны білмейді деп айт»,«Адам: Қиямет күні қашан секен? – деп сұрайды. Ол көз шағылысып, ай тұтылып, күн мен ай бір жерге келтірілген кезде, Сол күні адам: «Қашатын жер қайда бар?», - дейді. Жо-жоқ, қашып құтылатын жер жоқ. Ол күні (адамадардың) барып тұратын жері тек қана Алланың құзыры»,- дейді(«Қиямет» сүресі).

Қияметтің қашан, қай кезде болатынын бір Алла тағаладан басқа ешкім білмейді. Ал адамдар өкінішке ұрынбас үшін әрдайым қияметтің болатынына сеніп, Алла тағаланың алдында есеп беруге баратынын ұғынып, үнемі құлшылықтың үстінде жүргені жөн. Алла Елшісі (саллаллаhу аләйhи уә сәлләм) қияметтің қашан болатынын нақты білмесе де, оның кейбір белгілерін айтып кеткен. Мысалы, бір хадисте: «Ақырзаман жақындағанда білім жоғалып, жер бетін азғындық жайлайды. Адамдардың бір-бірін өлтіруі көбейеді», (Муслим)-деген. «Қияметтің жақындау белгілері: бұзықтық пен әдепсіздіктің жайылуы , көршілердің жамандық жасауы, туыстық қарым-қатынастардың үзілуі. Опасыздың сенімге ие болып, аманат жүктелген адамның қиянатқа баруы» (Сахих хадистер).

Сондай-ақ, хадистерде: «Білімнің жоғалуы (беделінің жоғалуы), сауатсыздықтың төрге шығуы, жезөшеліктің жер жүзін қаптауы, арақ ішудің күнделікті әдетке айналуы, елу әйелге бір күйеу болатындай дәрежеде еркектердің санының азаюы қиямет белгілеріне жатады», - деген(Имам суюти, Кабиралеми).

Алла Елшісі (саллаллаhу аләйhи уә сәлләм) «Баласы әкесіне қарсы шықпайынша, жаңбыр азаймайынша, жаман адамдар көбейіп, жақсылар

азаймайынша, кішілер үлкендерге қарсы келмейінше, жақсылардың қарсысына жамандар шықпайынша қиямет болмайды», - деген(Ғазали,Ихия).

Міне, осы хадистерде баяндалған қиямет белгілерін халқымыз:

Атаның тілін ұлы алмас,

Ананың тілін қызы алмас,

Айта беріп қайтейін,

Өлінің тілін тірі алмас,

Жақыннан шыққан жақсыны,

Ағайын жұрты көре алмас,

Заман ақыр белгісі –

Бірге туған бауырың

Тату да болып жүре алмас (Шортанбай). Ал келесі бірі:

Ақырзаман адамы аласа туады,

Аласа болса да таласа туады,

Қулық-сұмдықты ойлай туады,

Жамандыққа бойлай туады (Нұржан, Алаш). Тағы бірі:

Деседі «асылтастан,ақылжастан»,

Өлмей ме жақсы адам жұрттан асқан.

Ұғыл-ата, қыз ананың тілін алмай,

Кез келдік сұм заманға қарсыласқан (Бабалар сөзі).Енді бірі:

Болғанда ақырзаман су тартылар,

Жігітке қарап тұрған қыз артылар,(Н.Төреқұл) –деп сипаттайды.Міне, осы секілді мәліметтерді халқымыздың хадистерден алып үйренгенін жоғарыдағаы өлең жолдарынан аңғаруға болады.

Қасиетті Құранда «(Мұхаммед с.ғ.с.) Адамдар сенен Қиямет мерзімін сұрайды. Оларға: «Оның білімі Алланың қасында: қайдан білесің, мүмкін мерзімі жақын шығар», – деп айтқын», – дейді(«Ахзаб» сүресі, 63-аят.)

Қазіргі күндері қияметтің алдында өмір сүрудеміз. Әһли сүннет ғалымдарының басым көпшілігінің пікірінше қияметтің кіші белгілері бүгінгі күндері айналамызда, қоғамдық ортада жиі орын алып келеді.

Илаһи кітаптарда айтылғандай, қияметтің белгілері – кіші белгілер және үлкен белгілер деп екіге бөлінеді.

Мысалы: пайғамбарымыз Мұхаммед (саллаллаhу аләйhи уә сәлләм) Хузайфадан р.а. жеткен хадисінде:

«Біз жиналып қиямет күнін еске алып отырғанымыздаАлла Елшісі (саллаллаhу аләйhи уә сәлләм) келіп: «Сендер не мәселені талқылап отырсыңдар?», –деді.

- Қиямет күнін еске алып отырмыз.

- Сендер он белгіні көрмей Қиямет күні болмайды (Муслим, Науауи шархы).

Хадисте айтылған он белгі тәпсірші ғалымдардың пікірінше қиямет күнінің жақындауының үлкен белгілеріне жатады.

Осы уақытқа дейін үлкен белгілердің ешбірі болмады, болған жағдайда толассыз бірінен соң бірі қатар келеді.

Көптеген хадис шәрифтерде қияметтің он белгісі болатыны жайлы хабар берілген: қияметтің үлкен белгілері үзіліп түскен моншақтай бірінің артынан бірі сау етіп келеді. Абдуллаһ ибн Амрден .р.а. жеткен хадисте Алла Елшісі с.ғ.с.: «Үлкен белгілер жібі үзілген моншақ сияқты төгіледі», - десе, (Ахмад), Әбу Һурайрадан р.а. жеткен хадисте Пайғамбар с.ғ.с.: «Үлкен белгілер бірінің артынан бірі шығады. Олар тізбектегі моншақтардай бірінен кейін бірі келеді», - деген.

Қияметтің алғашқы үлкен белгісі. Тоқталар болсақ, Мәһдидің шығуы, Хазреті Исаның көктен түсуі, Даббәтул ардтың келуі, Йәжуж және Мәжуж қауымының шығуы, дүниені түтіннің қаптауы, күннің батыстан шығуы, жер бетін оттың шарпуы, жерлердің шөгуі, Қағбаның құлатылуы - үлкен он белгілердің қатарынан.Осы уақытқа дейін үлкен белгілердің ешбірі болмады, болған жағдайда толассыз бірінен соң бірі қатар келеді.Қияметтің үлкен белгілерінің үзіліп түскен моншақтай бірінің артынан бірі сау етіп келетіндігі туралы Абдулла ибн Амрден (р.а) жеткен хадисте Алла Елшісі (саллаллаhу аләйhи уә сәлләм): «Үлкен белгілер жібі үзілген моншақ сияқты төгіледі», -десе, Әбу hурайрадан (р.а)жеткен хадисте Пайғамбрымыз (саллаллаhу аләйhи уә сәлләм): «Үлкен белгілер бірінің артынан бірі шығады. Олар тізбектегі моншақтардай бірінен кейін бірі келеді», - деген.

Бүгінгі күндері өкінішке орай, қиямет қайым туралы ешқандай діни негізі жоқ алып-қашпа әңгімелер көп айтылып жүр. Әсіресе, шетелдік басылымдарда қоғамға үрей салататын мақалалар,ғаламтор желілерінде «ақырзаман болады-мыс» дейтін бос сөздер мен бостекіәңгімелердің тарап жүргені жасырын емес.Алайда, Қияметтің қашан болатыны тек Ұлы Аллаға ғана мәлім. Құранда«Көктер мен жердегі көместі Алладан басқа ешкім білмейді» деп ескерткен.

Әбу hурайрадан (р.а) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (саллаллаhу аләйhи уә сәлләм): «Қияметтің мына белгілері болмастан бұрын жақсы амалға асығыңыздар, күннің күн бастыстан шығуы,түтін басуы,хайуанның шығуы,әрбіріңізге өлімнің келуі және қиямет күні»деп жақсы амал жасауға шақырған (Муслим, Ахмат).

Адам баласы үшін қияметтің қашан болатынын білу өте маңызды емес. Әрбір адамның өлімі сол адам үшін қиямет емес пе? Міне, сондықтан әр адамның қияметі саналатын өлімінен кейінгі басталатын мәңгілік өмірде бақытқа қол жеткізуіміз үшін ізгі істер жасап,күнәлардан аулақ болу ләзім.

Абдукәрім Абдулкамал,

Арыс қаласы «Ысқақ» мешітінің бас имамы

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0