среда, 1 мая 2024 г.
icon
442.05
icon
474.14
icon
4.74
Алматы:
icon
13oC
Астана:
icon
9oC
1xadv
×

Қайырымдылық астында қара ниет

Қазақ елі соңғы жылдары жаһанданудың әсерін қатты сезініп, рухани дағдарыс алдындағы әрі-сәрі күйде тұрғандай. Біздің олай дейтініміз жастар имандылық деп басқа ағымдардың соңына еріп, патриоттық сезімнің не екенін ұмытып бара жатқан сияқты. Ата дәстүр, ұлттық тәлім-тәрбие, қазақы болмыс болып табылатын үлкенді сыйлау, кішіге құрмет көрсету сияқты ізеттер жоғалып бара жатқандай. Жастардың басым көпшілігінің ойлағаны ақша, дүние-мүлік, материалдық байлық қана болып, оларды рухани кемелдену, жан дүние тазалығы деген  мәселе аса қатты толғандыра бермейтінін аңғару қиын емес.  Қоғамдағы болып жатқан бұл үдерістердің әсері, әрине, өзге діни ағымдардың ықпалы немесе саясаты десем, қателеспеймін. Өйткені олардың мақсаты – мемлекетімізге дін атын жамылып кіріп алып, елімізге іріткі салу арқылы түрлі тармақтарға бөліп, бір-бірін жек көретін топтарға айналдыру, мүмкіндігінше қарама-қарсы екі лагерге бөліп, бір елдің, бір ұлттың ішінен бітіспейтін дұшпан топтар жасақтау. Онымен қоса түрлі мәдениеттерді тықпалау арқылы жастарды ұлттық болмысынан, әдет-ғұрпынан ажырату, оған бейтарап қарайтын күйге ендіру арқылы олардың санасын жаулап алу. Біздің мемлекетіміздің көп ұлтты, көп конфессиялы екенін пайдаланып еліміздің идеологиясына, бірлігіне, тыныштығына нұқсан келтіру үшін түрлі әдістерді қолданып, мемлекеттік ұстынын құлату.

Міне, осындай саяси ойын ұйымдастырушылардың ықпалымен дінді саяси құрал ретінде пайдаланушылардың төбесі көріне бастады. Әрі әрекеттерін ашық байқатты, түрлі лаңкестік әрекеттер пайда болды.  Мұны белгілі бір топтың тапсырысы негізінде санасы уланған орындаушылар жасап отырғаны айқын. Алла атымен ұрандап, өзін жанкешті, жиһадшы етіп көрсету әрекеттері айрандай ұйып отырған еліміздің ойын онға, ақылын алтыға бөліп, өздерін жайсыз жүйеге салды. Бейбітсүйгіш, дархан көңіл, меймандос халқымызға жат бұл әрекеттер осы уақытта жақсылық әкеле алмайтыны белгілі. Олардың бағзы біреулері дін үйретеміз, қайырымдылық көмек береміз деп ата-бабаларымыз ұстанып келген «Әһли сунна» Ханафи мәзһабынан жұртшылықты көрер көзге мәжбүри алыстатып, дәстүрімізден, тілімізден, тарихымыздан алыстатпақ болды. «Жұт жеті ағайынды» дегендей, жығылған үстіне жұдырық болып, өзге жат ағымдар қандастарымыз бен діндестеріміздің арасынан қанша бауырларымызды өз жетегінде ертіп, қаншама отбасын ойран етті, дағуатшылар қанша бауырларымызды тентіретіп жіберді, ал кейбіреулері дінімізде жоқ  кері үрдіске жол ашып, өлкелерімізде мұсылмандар арасында күнделікті қажеттілікке сұранып тұрмаған ахи, ширк ( Аллаға серік қосу) харам, бидғат деген сияқты қарапайым халықтың тілінде оғаштау естілетін терминдерді тілдік қолданысқа енгізіп жіберді. Тіпті, ай мен күннің аманында бір ұлт, бір халық, бір әулет, бір шаңырақ ішіндегілерді аяусыз алдап, дінге бөлу  әрекеттері де көрініс тапты. Бұл әрекеттің төркінінде қайырымдылық астында қара ниеттің бар екені анық байқалды. Осыған орай Кенияның тұңғыш президенті Джумо Кеньятанн былай деген екен: « Миссионерлер Африкаға келген кезде бізде жер, олардың қолында "Жаңа өсиет" (Библия) болды. Олар бізгдің көзімізді жауып, Құдайға бас июге мәжбүрледі. Ақыр аяғында көзімізді ашқанда жеріміз олардың иелігінде болды да, ал біздің қолымызда " Жаңа өсиет" қалды». 2011 жылы 11 қазанда Қазақстан Республикасы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңы қабылдамағанда, бәлкім, осы жағдай бізде де болар еді.

Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев: «Біздің көп ұлтты және көп конфессиялы қоғамымызда конфессиялық экстремизмнің төбе көрсету мүмкіндігіне үстірт қарауға тіпті де болмайды, олай ету мейлінше қауіпті»  деп ескертті.

 Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін көптеген ағымдар елімізге дін үйретіміз деп келді. Нәтижесі келеңсіз жағдайларға әкеп соқты. Біздің елге осындай әрекеттерді насихаттайтын топтардың қажеті қанша? Олардың жеті теңізден асып, ел-жұртын тастап біздің елге келуінде не сыр бар? Егер олардың бізге шынайы білдірмегі хидаят - әділдік, иләһи жол болса, оны біздің халық білмейтін бе еді? Онсыз да қазақ халқы Алланың бар және бір екенін, Мұхаммед пайғамбардың үмбеті екенін мойындаған, адал мен арамды әрқашан ажырата білген.

Сондықтан елдің бірлігін сақтау үшін мемлекеттік идеалогияға сүйену қажет. Менің пікірім отбасындағы тәрбие ең алдымен отаншылдық, елдік бірлік – ынтымаққа тәрбиелейтін мемлекетшіл идеалогия болу керек. Онымен қоса отбасынан бастап оның егізіндей етіп, рухани-мәдени өзекте діни тәрбиені қалыптастыру керек. Дін адам өмірінде ерекше маңызға ие. Ал дін  отбасы мемлекет және қоғам құрылымын мықты негіздермен қамтамасыз етеді. Дін – жеке адам мен қоғам үшін қажетті. Дін – адамға адам болуды, ұлттарға бірлік пен тұтастықта өмір сүруді үйретеді, жауапкершілік түсінігін, адами құлық пен имандылық, құлшылық білімін және жақсы мінез құлықтарды қалыптастырады. Дін - қоғамды кемелдендіретін олардың дамуына мүмкіндік туғызатын негіздерді қамтитын құрылым.

 Мемлекеттің жүргізіп отырған саясатында идеалогия жоқ деуге болмайды. Бірақ ол идеалогия өз еліміздің бір пұшпақ болып, оқшау қалуына емес ортақ әлемнің озық үлгілеріне де жол ашатын жаңашыл болғаны жөн. Сондықтан да бір тетік табу керек сияқты, мәселен: ұлттық, діни идеалогия деп мақсатты түрде өзге ұлттарды, өзге конфессияларды әдейілеп шетқақпайлау жолымен емес, керісінше оларды бейімдеу жолымен Қазақстан ортақ үйіміз және тарихы терең жатқан қазақ елінің тілін, дәстүрін, дінін құрметтеу, шеттен келген азаматтар үшін де сындарлы мәдени үрдіс екенін мойынсұндыру арқылы ұлттар мен ұлыстар, діни бірлестіктер арақатынасындағы төзімділік-толеранттылық негіздеріне сүйене қимылдап амал етсек, мемлекетіміздің шаңырағын шайқалтапауға  әрбір азамат қомақты үлес қосатын болар еді деп ойлаймын.

Қоғамымыздың басты мәселерінің бірі – еліміздегі түрлі дінді ұстанушылар арасында діни экстремистік көзқарастардың орын алуына жол бермеу болып табылады. Дегенмен, кешегі күні өткен кеңестік тәрбиенің әсері, сондай-ақ түрлі діни наным-сенімдерді ұстанған халқы бар Қазақстанда әр түрлі конфессиялардың соның ішінде дәстүрлі емес ағымдардың қызмет етулеріне көзқарастар әр қилы әрі қарама-қайшылықты.

 Қалыптасқан ахуалға орай айтарымыз жалпы, қазіргі халықтың санасында қуатты егемен ел болу үшін мемлекеттің байлығына, яғни материялдық байлығына ғана байланысты емес идеалогиясына да байланысты. Әрине, дұрыс, елдің қуатты болуы қазынаға да байланысты, бірақ, халық рухани байлықтан жұрдай, ұлттық санадан алшақ болса мұның барлығы бекер. Себебі қашанда елдің болашағы, елдің дамуы қазынамен өлшенбеген, ұлттық құндылықтар мен рухани байлыққа негізделген.  Бұған тарихтың өзі дәлел.

Бұл мәселелердің барлығы негізі жастарға қатысты. Өйткені дәстүрлі емес ағымдардың негізігі нысанасы жастар. Ал жастарсыз елдің болашағы бұлыңғыр. Осындай келеңсіз жайттар мемлекеттің жастарға көңіл бөлмесе оларға «басқалардың» көңіл бөлетіндігін аңғартатындай.

Мәди Бесбаев,

дінтанушы, ОҚО.

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0