+7 (7172) 79 78 20

Написать нам в WhatsApp: +7 (700) 402 32 92
01.12.2016 в 14:32

Дін және дәстүр

Дін – әрбір халықтың рухани ғұмырының бір тірегі. Жер бетінде белгілі бір дінге сенбейтін, белгілі бір дінді өздерінің рухани азық, ұстын, қазығы етпеген халық жоқ десе де болады. Адамзат қауымындағы көп діндер мен наным-сенімдердің түптеп келгенде тек тамырларының бастауы Жалғыз Жаратушы Иемізге, Оның адамзат үшін ортақ рухани қазығы – ханифтік негізге (лаухул – махфузда) барып саяды. Түркі тайпалары өздерінің басып өткен ұзақ тарихында талай діндерді басынан кешіргендігін (Бартольд, Гумелев, Аристов, Зуев, Левшин, Дьяконов, Толстов, Клящторный, Аджи, Кумеков, Тынышбаев, Ахынжанов, Бұлытай т.б.) ғалымдар дәлелдеп отыр. Біз айтып отырған мәселе ата-бабаларымыздың б.д.д. ІІ мыңжылдықтан тарихи-мәдени түп-тамыры бүгінгі күнге жалғасатын әдет-ғұрыптар мен салт-жоралардың ұлыс-тайпаларды елдікке, мемлекеттік бірлестіктерге жеткізіп, ұйымдастырған, бір таным, бір сенім, бір мәдениет аясына ендіріп ортақ жол-жоба салған-дәстүрлердің этно-геосаяси, діни-рухани тек тамырларының бүгінгі қазақтың ұлттық құндылықтарына да тікелей қатысы бар тарихи шындыққа байланысты сөз.

Бастауын сонау патриархат дәуірінен алатын бабаны сыйлап, пір тұту, абыз аталар мен елсақ, ұлт жанды батырлардың әулиелік қасиетіне бас ию, елдік пен отан, ошақ амандығы, ұлыстың ар-намысы діни, рухани – мәдени құндылықтарын жер суы, шаруашылық, тіршілік көзі иеліктерін бабалар аманатындай ұлықтап қорғауы, ел, ұлт, мемлекет бірлігі мен тұтастығын сақтау жолындағы әлеуметтік институттар қызметінің  жиынтық мақсаты «дәстүрдің» түзілуіне алып келеді. Ол заңға айналады. Дәстүр-заң.

Ол заңның жалпы адамзатқа ортақ элементтері де жеке ұлыстар мен ұлттар аясында қызмет ететін әр елдің өзіне ғана етене телінетін дара көрсеткіштері де бар.

Дәстүрсіз ел, халық, ұлт өмір сүре алмайды. Бұл - бүтін дүние мойындаған аксиома. Бірақ, оның таза бастауы, алтын арқауы ортақ дүниетаным, көзқарас, сенім-наным мен қапысыз ортақ мүддеге қызмет еткізетін бүкпесіз шындық пен әділеттілік безбеніне сүйенген қасиетті өлшем-таразысы болуы шарт. Ол шарт халықтың қалауымен тағдырдың жазуындай еншілес ұғымдардан тұрады.

Қазақ халқы да тарих пен тағдырдың тоғысқан талайлы сәттерінде қайта туылып, қайта жаңғырып, мемлекеттер мен бірлестіктер, қағанат пен хандықтар құрамында мың сан мәрте қайта түледі. Мұның қай-қайсының да тұсында қазақтың өмірге қайта жолдама алуына басыбайлы негіз қалаған қарақшыдай темір қазығы болған сол дәстүр. Сондықтан да дәстүрді мың жылдықтар өтінде әр халық, ел, ұлт өз тағдыры мен тарихының, рухани-мәдени өмірінің от – көрігінде өзі сомдаған қадірлі де қасиетті ғұмырлық кепілнамасына балайды.

Ол заңды да. Мұнда тарихтың тағлымы, халықтың арман-мұраты, замана зары мен ел, ұлт, мемлекет түзу және оны қорғау сақтау жолындағы аласапыран қырғындарда, өркениеттік текетірестердің аламанында шахид болған ата-бабалардың биік рухы, ар-намысы, ұлағатты өсиеттерінің ұрпақты рухтандырып тұратын қасиетті, киелі «өскіні» бар. Бұл – халық, ел, мемлекет аясында өмір сүруі тиіс ұлт болашағы – жастардың адами да азаматтық, ұлттық өресін белгілеп, мәнгілік ұстанымына айналуы тиіс ұғым. Онсыз ел, ұлт, мемлекет  өз азаматтарының рухани – идеологиялық бағыты мен бірлігін сақтай алмайды.

Өткеннен өнеге алу - ұрпақтар сабақтастығының кепілі десек те тарихи – әлеуметтік дамудың жаңа белестерінде болашақты өткенмен ғана өлшеу келер ұрпақтың пайым – парасатына, дәуірлік қам-қарекетіне дөп келе бермеуі де мүмкін. Алайда ұлтты ұйыстырған әлеуметтік институттарымыздың негізі – өзек қызметін атқаратын дін мен дәстүрдің орны бөлек.

Дәстүр тұрғысынан түркілік, дініміз бойынша ислам әлемінің бір бөлігіндегі мұсылман қауымының суннилік Әбу Ханифа мәзһабын ұстанатын аймақ өкілдерінен екенімізді елбасы - Н.Ә.Назарбаев та жолдауларында қолдап айтып жүр. Діннің қоғамдық санадағы сәулесі адамзат тарихының тұла бойында еш бір кідіріссіз өмірге жолдама алып отыратын құндылықтар қатарын үстемелеуде. Қазақ халқы да онан құр алақан емес.

Дін мен дәстүрдің үйлесімді бірлігін берік қалыптастыра білген ұлттың ғана ғұмыры ұзақ болмақ. Соның ішінде рухани қуаты мығым тұлғалардан терең сусындап шынайы құралған ұлт қана жаһандану нөпірінің сиқырлы құбылыстарына қарсы тұра алмақ. Адамзат тарихында қандай да бір биік ой мен ақыл- парасаттың, даналық-хикметтің, ғылым мен өнер биігіне жеткен майталмандарының қайсы бірі де оны жоққа шығара алмаған. Ұлттың әдет ғұрпына, ата-салтына айналып кеткен дәстүрлерді жөн-жосықсыз кінәрәттап, діни сенімге нұқсан келтіреді деп қаралау – ұлттық бірлігіміз бен мемлекеттік тұтастығымызды бүлдіру. Мұсылмандық болмысы мен идеялық негіздері мейірім, бейбітшілік, ұлттар мен конфессиялар аралық тағаттылыққа құрылған құбылыс. Онда қоғам не жеке азаматтың жеткен жетістіктері мен интелектуалдық та материалдық иелігіне, жеке өміріне кесір келтіріп , қауіп төндіруге ешкімнің құқығы жоқ.

«Хаққа жүгініп тең боламыз ба? Жоқ, әлде жоққа сүйеніп кем қаламыз ба?», деген де ой келеді екен. Бүгін «жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» дейтіндей жалмауыздың кебін киген бір түсініксіз топтар пайда болды. Оны бәріңіз көріп, біліп отырсыздар. Олар мына жоғарыда айтылған тарихи тағлым, ұлт, ел, отан, мемлекет тағдыры, дін мен дәстүр үйлесімі, әдет-ғұрып, салт-сана ұғымдарын түсінуге жарамсыз біреулер болып отыр. Олардың бір-ақ мақсаты өз ойларындағы індет тұманымен көпті тұншықтыру, барды бүлдіру, жарықты қараңғы қапасқа айналдыру ғана болып тұр. Мұның мысалын біз Таяу Шығыс елдеріндегі оқиғалардан анық көріп отырмыз.     

Осы арада еліміздегі дін мен дәстүрдің тарихи әлеуметтік құбылыс ретіндегі өзара сабақтастық үйлесім негіздеріне көңіл аударуға мәжбүрміз. Ата салтымыз бен  озық дәстүрлеріміз ислам діні талаптарына орайлас қалыптасқандығын теолог ғалымдар бір ауыздан дерлік айтып, жазып жатыр, және олардың басым бөлігінің Әз пайғамбар Мұхаммедтің (с.а.у.) сүннетінен оның қайнар көзі қасиетті Құран Кәрімнен бастау алатыны даусыз деуге болады.

Осы жерде еріксіз Абай хакимнің қара – сөздері мен өсиеттері, рухани – мәдени, ғылыми ізденістерге толы өнегелі өмірі көз алдымызға еріксіз елестей беретінін жасырмаймыз. Бір Абайдың өзі ұлт үшін, оның болашағы үшін қаншама қажыр – қайратын жұмсады. Біз қарапайым күнделікті қарым – қатынасымызда мұсылмандық үрдіске орай мінез – құлық, таным, түсінік, қөзқарас, мәдениет қалыптастырған Әбу Ханифа мәзһабының аясындағы сүнни мұсылмандармыз. Бұл мәзһабты ата–бабаларымыз қазақ халқының әдет–ғұрыптары мен салт–сана, дәстүрлеріне үйлесу мүмкіндіктері мен артықшылық, ерекшеліктеріне орай қабылдаған. Адам баласының дүниеге келуі мен өтуінің өн бойындағы барлық қажеттіліктеріне шариғатқа сай жауап беретін, сондай-ақ, ғибадатқа айрықша мол мүмкіндіктер ашатын жарығы мен сәулелі ойы басым жол. Ол терең де қағидалы ұстындары болғандықтан және қасиетті Құран мен сүннаға негізделген таза діни – рухани ұстаным ретінде әлем мұсылмандарының басым бөлігін қамтып отыр. Ғасырлар бойы халықтың қажеттілігін мүлтіксіз атқарып, бүгінгі тәуелсіздік тұғырына дейін сенімді жолбасшы ұстаным болған ұлағатты ұйыстырушы мектеп кімдерге ұнамай қалды? Бұл – үлкен сұрақ! Осы ... теріс әрекет, түсініктерге шолу төңірегінде ғана ой жүгіртсеңіз-ақ қаншама алапат қиянат жасап, жазықсыз қан төгудің анық мысалдарын есіңізге ала бересіз. Пайғамбар (с.а.у.) дүниеден өтер-өтпес мұсылманды сүннит шиға етіп болу, хариджия, мурджия, мұғтазила ағымдарының құйтұрқы әрекеттерінің салдарынан төгілген  қан, соңғы дәуірлерде солардан бастау алатын мәні мен маңызынан айырылған сопылық тариқаттар мен исмалиттер, бахаилер, ахмадилік, уаһһабилік идеялардың бүгінгі «ихуан муслимин», «хизбут тахрир», «тәкфир», «жиһадшылар әскерлері», «таблиғи жамағаты», т.б. ислам атын жамылған тыйым салынған ұйымдарға ұластырылып жатқанын көріп отырмыз. Бұлардың әр елде әрекет етуінің тәсілі әр басқа да мақсаты бір. Біріншіден олардың қай замандағы болмасын ұстанған бағыты мен жүргізген идеологиясы салдарынан жергілікті халық көп қасірет шеккен. Осы қасіретті жергілікті халыққа зорлап таңғаннан көрі оны тұрғындардың өз қалауымен қалап, сұрап алғандай етіп ұйымдастыру аса көп еңбек пен шеберлік-машық және шығын талап ететіні анық. Демек, бұл іс әр заманда да оны ұйымдастырушылардың үлкен күш екенін танытса, енді олардың дүниенің қай бұрышындағы болса да әрекеттері бір мақсатқа жұмылдырып, бір бағытта, бірдей тәсіл, амал-айла қолданулары, олардың ұстанымдары мен әрекет ету тәсілдерінің көнеден бір-бірімен тамырлас, ұқсас элементтері арқылы сыртқы шапаны ғана өзгертіліп, мақсат-мұраты мен мазмұны солай қалып, бағытын, мақсатын өзгертпеуі көп жайдан сыр береді. Біздің еліміз үшін, ханафи мәзһабын ұстанушылар үшін олардың қоятын кінәсінің ең үлкені – ол ұлттық әдет-ғұрып, салт-сана, дәстүрлердің ханафи мәзһабы арқылы шариғатпен аса терең тамырлаған үйлесім табуы. Соны терістеу арқылы ұлттық рухты жойғысы келеді.    

Қазақ хандығының құрылуының бастапқы кезеңдерінен – ақ дала заңы дәстүрлер мен әдет-ғұрып ислам негіздеріне орайластырылып шариғатпен қатар қолданылғанын ел тарихы жоққа шығармайды. Керісінше, көнеден ханифтік дін тегінен нәр алған әдет – ғұрыптарымыз дін мен дәстүріміздің салтанатты үйлесім табуына мол мүмкіндіктер берді. Осының арқасында «Қасымханның қасқа жолы», «Есімханның ескі жолы», «Тәуке ханның жеті жарғысы» сияқты қазақ хандығы құрылысының саяси – әкімшілік, әскери, рухани және сот  істері жөніндегі ережелерінде де ғұрып пен шариғат заңдары үндестік тауып, бірін – бірі толықтырды.

Халқымыздың тарихи мәдениетін сонау көне замандардан бүгінге дейін қарастырар болсақ, ел аумағы өлкелерде әуелгі ханифтік тәңірліктен Ұлы Тәңірден (шумерге дейінгі кезең) тамыр тартқан, бірақ, бөлшектеніп, ұсақтап, мәжусилік кейіпке түсіп кеткен ірілі – кішілі діндер мен сенім-нанымдардың бір қатарын (кейінгі тәңірлік буддаға табыну, христиандықтың несторлығы, зардүштік манихейлік, шамандық және т.б.) тұтынғандығын көруімізге болады. Бұл құбылыс қай заманда да халықаралық қарым-қатынастарда саяси-әлеуметтік, діни-рухани араласулар мен әр текті геосаяси ықпалдастық аумағындағы әрекеттердің аса күрделі құпия сырлары болып отыратынын көрсетеді. Бүгін де біз басымыздан осындай құбылысты кешіп отырғанымыз аян. 1992 ж. қабылданған «Діни бірлестіктер мен діни сенім бостандығы туралы» ҚР-ның Заңының олқы тұстарын пайдаланып, елімізде дәстүрлі діни қызметі мен орны болмағанына қарамай кейбір христиандықтың протестанттық ағымдары атынан немесе шығыстық «неоорианталистік» діни-саяси ұйымдар ел арасында іріткі жұмыстарын жүргізіп, «бірлік-ынтымаққа салқынын» тигізер болған соң үкімет «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» жаңа заң қабылдады. Солай бола тұрса да елдің, ұлттың өткені мен бүгіні, болашағына қосып-алар пайдасы жоқ, болуы да мүмкін емес, жаусақ пиғылдан өзге өзегінде адамшылық, қайырымшылық, әлеуметтік-мәдени, діни-рухани ұлтқа пайда берерлік ештемесі жоқ келімсектер ұлт дәстүрі мен мәдениетін мансұқтауға ұмтылады.

Қалай десек те тарихты сызып тастай алмаймыз. Ата-бабаларымыз ежелден қоныс тепкен отыкен-мекенде бірнеше мәдениеттер мен өркениетер ошағының ұлтқа тән ұлы бастауларын өздері салғанын, ол берісі төрт мың жылдық әрісі ҮІ-ҮІІ мың жылдық тарихи жәдігерліктерде ізі сайрап жатқаны жалпақ дүниеге мәлім. Осынау ұлы көштің өн бойында жалпы адамзаттық өркениет үшін де мәні зор мәселе ой-таным, пайым-парасаттың ізінен өніп түзелетін мәдени құбылыстардың «Дін мен дәстүр» үйлесімінің таразысынан өтіп барып қана халықтың, елдік, ұлттық қалыпқа түсетіндігі. Бұл – мыңжылдықтардың бойында тұтас қауымдастықтардың, қоғамның түрлі буындарының атсалысуымен, ұлы тұлғалар мен бітік-білігі асқан даналары мол елдерге ғана Алла тағаланың беретін ерекше сыйы деу керек.

Мәдениет, салт-дәстүр әрқашан жалғасты десек оның әлденеше мыңжылдықтардағы нобайы діни таным-сенім төңірегінде құрылатыны анық. Демек, түркілер, оның ішінде қазақтар да қашаннан дінге аса байыппен қарап, оның тек тамырының таза бастаулы болуына мән берген. Өкінішке орай бүгінгі қоғамда моральдық деградациялану үрдісіне негіз қалайтын біржақтылықтар: материалдық байлықты жоғары санау, бүгінгі күнмен ғана өмір сүру дағдысы, рухани байлықтың құнсыздануы, елдік, отаншылдық, ұлттық, рух пен ата-баба дәстүріне сай тағлым-тәрбие, ұлттық мәдениет ұғымдарының қызметінің әлжуаз күй кешуі, білім ошақтарының... текті тамырларынан біршама ажырап, әлжуаз күй кешкен жадағай халі орын алып отырғаны рас. Бірақ, мұның жаманын өмірден ысырып, жақсының ұлтқа қызметін арттыру әрекетінің барлығы да елбасымыз «Жалпы қоғамға Ортақ еңбекке қарай 20 қадам» мақаласында жалпы халықтың, ұлттың, әрбір азаматтың білігі мен біліктілігінің адал еңбекке ғана сүйенген толассыз ізденістерінің нәтижесінде ғана болатынын айтты. Бүгін дөңгелек дүниенің тұс-тұсында ұлттарды бөлу (корей ұлтының екіге жарылып, жауласуы) ұлы да биік тұғыры бар деген елдердің (Египет, Ирак, Сирия, Ливия) өз ішінен өз отанына, мемлекеттік жүйесі мен құрылымдарына қарсы оқ атып, қиратып, өртеп жатқандарды шебер ұйымдастыру, айтқанына көндіріп, айдағанына жүргізу үшін кейбір елдерге (Пәкістан, Ауған, Ирак) мақсатты түрде надандық қамытын кигізе отырып, сыртқы күштердің өз үстемдіктерін орнату әрекеттерінің өзі ғасырдан да ұзақ мерзімде аталған аймақтың халқының қанын судай шашып, еркегін ездікке, қыздарын қарлыққа  мәжбүрлеп отыр. Адами пайым мен адамгершілік, гумандылық ұғымынан адыра қалған мұндай қадамның ешқайсысы ақтап алуға жатпайтын іс-әрекеттер екені талас тудырмайды. Үлкен империялардың ғана мүдде қайшылығы жер бетінде әлі де болса теңдікке, азаттыққа, егемендікке, тәуелсіздікке жету мүмкіндігін туғызатыны бар. Бірақ оның мәңгілікке берілген сый емесі анық. Ол жолда бірлік, ынтымағын жоғалтпаған, саяси-экономикалық, әлеуметтік әскери әлеуеті мығым, ғылыми-техникалық заманауи жетістіктері мен ұлттық рухы, отаншылдық сенімі мықтылар ғана жасай алатыны шындық.

Файзулла Тайтелиев,

ОҚО «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ


Редакция

Новости Казахстана

Полное воспроизведение или частичное цитирование материалов агентства допускаются только при наличии гиперссылки на ИА «NewTimes.kz» в первом абзаце. Фото- и видеоматериалы агентства могут быть использованы только с указанием авторства «NewTimes.kz». Использование материалов ИА «NewTimes.kz» в коммерческих целях без письменного разрешения агентства не допускается.

© 2013-2019, «NewTimes.kz». Все права защищены.
Об агентстве. Правила комментирования. Реклама на сайте

Республика Казахстан, 010000
г. Нур-Султан (Астана), К. Сатпаева, 13А
Тел.: 8 (7172) 797820
Email: n.times@mail.ru

Мы в соцсетях

       

Приложения Newtimes для:
iPhoneAndroid

  Яндекс.Метрика