четверг, 2 января 2025 г.
icon
525.11
icon
546.74
icon
4.88
Алматы:
icon
-4oC
Астана:
icon
-9oC
×

Діни тұрақтылықтың алғы шарттары мен негіздері

Дін. Осынау айдарлы да айғақты ұғымның дүние тіршілігіндегі қызметі тіршілік мәнін, адамзаттық қоғам мақсаты мен мұратын, қойылып отырған мәселелерді шынайы илаһи үкімдер мен заңдар негізінде, яғни, Алла ұсынған әділдік-теңдік, иман-ар-ұят, ождан, моральдік тазалық, адами құлық пен әдеп, биік ілім-білім аясында ұғынып, түсінуге қауқарлы Алланың «жердегі ізбасары, өкілі» болуға лайық дәрежеде қалыптастыру орнықтыру.

Діннің осы қызметі Алланың қалауымен Оның сенім-иман, ақыл-парасат әрекеті, білім-тәрбие бірлік, ынтымақ мейірім бейбітшіл қарым-қатынас орнатудың қайнар көзі – Құран Кәрім арқылы  адамзатқа ортақ биік мәртебеде көне замандардың жеткен таухиди таным-ханифтік діндердің жетілдіріліп, лаухул-махфузда сақталған бірегей нұсқасы ретінде соңғы рет айғақталды. Адам баласының бақытына орай осы қасиетті Кәләм шәриф өзіне қарсы бағытталған қандай да бір зұлымдық атаулыдан, пенделердің мақлұқ болмысы жерімен түрлі ортада оны түбірімен өзгертіп, жойып жіберуге немесе оның мәні мақсатын, дәрежесін, бірегей шындыққа құрылған әділ заңдары мен қағидаларын оған қатысты түрлі тарихи-әлеуметтік деректер мен ғылыми дәлел-түрлі дәуірлік фактілерді мансұқтау әрекеттерінің күллі жиынтықтарының қандайынан да үстем, биік және асыл дәрежеде тұр. Бұған осыған дейінгі адамзаттың басынан өткен замандар, тарихи-әлеуметтік, рухани-мәдени ұйысымдар жәдігерліктері ең бастысы Құдай куә! Осы ақиқаттың шынайы мәні Алла жалғыз жаратушы, пайғамбарлар Оның жердегі елшілері, Құран хақ ілімі, дін Оның адам баласына ортақ әлеуметтік орта, тарихи сана, халық, ұлт ғұрыптары мен мәдениетін, сенімі мен ақыл-парасатын,  адами болмысын түзетін қасиетті құралы.

Адам миссиясын құрайтын амал-әрекеттер «кездейсоқ жарылыстан»  соңғы эволюциялық дамып-жетілу үдерісіне тиесілі «жабайы ортаның» санасыз тіршілігінің жемісі емесі әлденеше қайталанып, ғылыми дәлел-деректері  сан-мәрте сұрыпталып мойындалғаны мәлім. Бұл жалаң, бір жақты апологеттік ақтау тәсілінің де жемісі емесін тағы да өмір шындығы көрсетіп отырған жалғыз жаратушы күштің – Алла тағаланың бар екендігін еріксіз мойындататын Оның күллі жаратқандарының адам ақылына тәуелсіз және өзі жаратылғаннан бастап белгілі тәртіп пен көлем шеңбер заңдылық үкіміне сай тіршілік ететінінен де көреміз. Бұл тылсымның ғайыптық құбылыс ретіндегі мәні мен мақсатын ашатын негізгі анықтау белгісі.

Діни тұрақтылық адам, қоғам өмірінде аса үлкен роль атқаратынын бүгінгі, күн мәселелері де көрсетіп отыр. Ол әр қоғам, өркениет, дәуір ішінде де солай маңызды болған. Оған жету, оның таза таухиди негіздеріне сүйене ой, пайым, ұғымдар ұстанымдар бегілеу нәтижелі болғанын көрсететін озық өркениеттер шоғырының жұлдызды шақтары, жетістіктері соның айғағы. Бұлардың бастауларында әрқашан адал қарым-қатынастардың үйлесімі мен үндестігін табыстыра ұштастырып, таза илаһи сенім қазығы-әділдік таразысы тұрғысынан қорғап, қолдап тұрған теңдессіз құдыретті күш бар. Әділ заңдарға жүгінген қоғам қашан да мерейлі болып, оның тұрғындары әлем үшін «үлгі форматтағы» саяси-экономикалық, рухани-әлеуметтік, мәдени-тұрмыстық дәрежесі биік бірлік ретінде жалпы жаһандық жаңарулардың толассыз қозғаушы күшіне, мүлтіксіз тетігіне айналады. Сондықтан өркенді универсумның даму, өркендеу қуатының шарықтау шыңы, ең биік апогені өркениеттің рухы таза, биік мақсаттарға бастайтын рухани мазмұны кең де кемел адам ақыл-парасатының мүмкіндіктері мен ондағы жалпыға ортақ қызметі қасиетке барабар діни таза сенім әлеуетіне байланысты. 

Осы әділдік пен ақиқат илаһи үкім, заңдардың әлеуметтік ортадағы қызметінің кепілі бола білген қай дәуірдің адам болмысы мен қоғам мүшелерінің айтулы биік парасат-пайымға сүйенген өрелі, өнегелі өндірісін рухани-мәдени құндылықтар жүйелерін тудырғанына адамзат тарихы куә. Солай бола тұрса да олардың уақыт заман үдерісінде өзін-өзі қорғау, сақтау тәсілдері мен амалдары ескіріп, тозып, жетілген жетістіктері мен өздері қоса қабат құрдымға кетіп отырды. Себебі тұрмыс-тіршіліктің сан сапалы айналымында үлес алу, пайда көздеу ондағы рухани қорлар қызметін әлде қайда шапшаң әрі өтімді тәсілдермен орап кетіп, оның әсерін, маңызын әлсіретумен болады. Қарапайым қарым-қатынастардың өзі жансызданып,  адам сенімін биік мұратын, жаратылыс, қоршаған орта, қоғам, жеке адам деңгейінің қай қайсысында да мұқалтып, тірі өлікке айналдыратын үрдістің ұзын сонар үрдісі орын алады. Жиналған еңбектің жемісі осылайша батпадап шашылып, мемлекеттердің қирап, құрдымға кетуіне алып барып жатады. Жоғарыда айтылған рухани қорлар жиыны осы тақырыпқа алынып, меже тұтылып отырған «діни тұрақтылықты» қамдап оның рухан, әлеуетін анықтайтын қасиетті күш.

Діни тұрақтылық жекелеген адамдардың ғана қалауымен немесе кездейсоқ өздігінен орнай салатын жағдай емес. Ол әлденеше бір басшылардың бірлескен меморандумында, директиваларында, амал-әрекеттерінде көрініс тапқандығынан да ол өз бетінше қалыптаса қоймайды. Басқаны былай қойғанда ислам әлеміндегі діни тұрақтылықтың өзі алғы шарттары – діни сенім, ұғым-түсінік, географиялық, саяси-экономикалық, рухани-әлеуметтік шегімен шеңбері бірегей мәні мен мақсатына орай іске асуы араларындағы ортақ ұйыстырушы күшке елітуі, еруі, одан жалпылық сипаты басым таза рухтану құбылысы әр дәуірде әр түрлі деңгейлік көрсеткіштерге ие болды. Мұның сыры біз сөз етіп отырған «алғы шарттар» аясында жатыр. Салыстыра қарасаңыз жағдайдың бұрынғыша өмір сүру мүмкіндігі сарқылып, адамзат рухани да материалдық құлдық жаншырынан құтылуды шынайы аңсағанда Алла сүбүханака уа тағаланың құтқарушы құдыретінен өзге өзіне көмек берер ештемені де таппайды. Бұл жағдай олардың әлгі күшке жүгіну жолын қамдап, олардың бірігуіне, Аллаға деген шынайы сенімінің әлеуетін жоғарыда айтылғандай барлық алғы шарттар шоғырының аясында өзге күштерден артық деңгейге шығарады. Соның ішінде негізгі қозғаушы күш ретінде адамның өз қалауы басты рөлге не екені анық. Бұл Алланың адамға берген сыйы, әрі әділ заңы, үкімі.

Алланың қалауы әділдік теңдік адам баласының жаратылысқа деген махаббаты, адал еңбек, ілім-білім мен ақыл парасатты қадамдар, тазалық, имандылық, адамгершілік қайырымды қоғам. Адамның бақыты осы айтылған ойға тікелей байланысты. Демек, Алланың қалауы көрсетіп тұрған жоғарыда санамаланған ұғымдар қоғамда терең, тұрақты орнағанда ғана адам, қоғам өзін өзі құрметтей алуына, бақытты сезінуіне мүмкіндік алады. Сондықтан да адамның қалауы, діни сенімі, шынайы әділдік пен имандылық, отан сүйгіштік, адал еңбек, ілім-білімнің әлеуеті кешенді құлшыныс тудыру қабілетіне ие болғанда өз дәреже, деңгейіне орай Алла тарапынан қабыл болары шүбәсіз.

Тарихқа қарасақ Алланың елшісі Мұхамед (с.а.у.)ның адамзат күйреуінің алдын алуы міндетті түрде болуға тиісті жетістік емесін көреміз. Ислам дін ретінде әлі жария болмай тұрып-ақ осы іріп-шіріп өлікке айналып бара жатқан қоғамда Мұхамед с.а.у. есімді кісінің «әмин» ең сенімді адам атануы адамзат қоғамы, адамзат тарихының қай тұсында да «сенім феномені» басты ұйыстырушы, сақтаушы, қорғаушы күш болғанын айғақтайды. Адамның қалауына негіз болатын сенім өзге жоғарыда айтылған алғышарттар көлемінде көптің қалауын кешенді күшке айналдыра алатындай дәрежеге Алланың қалауы көрсеткен талаптар тұрғысынан құпталған да ғана жеміс күткендей көрініске шыға алады. Осы арада діни сенімнің шынайы көрініске ие қалпында ғана адамға, қоғамға игі әсері болатынын қаперде ұстау ләзім. Себебі әрі қарай ол діни тұрақтылықтың рухани да материалдық әлеммен сабақтастығының айғағы, көрсеткіші қызметіне өтеді. Сөйтіп діни сезім дүнияуи сенім атаулары бірінен екіншісін айырғысыз бір құбылысқа айналып отырады. Сондықтан ұғым атаулының қандайына да қатысты діни, діни емес деп баға беріп, арасына шек қою барынша шартты ұғым, түсінік. Сондықтан діни тұрақтылық бір жақты, шарттылығы басым діни ұғым, түсінік аясында ғана өмір сүре алмайды. Діни тұрақтылық барынша күрделі үдерістердің, кешенді құбылыстар шоғырының, тарихи-әлеуметтік ортаның, саяси-экономикалық қатынастардың жаһандық жаңғыруларының, рухани-әлеуметтік ұйысымдардың атқаратын қызметінің аясында қалыптасып, жетіліп, бекіп немесе төмендеп рухани-саяси өзегі әлсізденіп... қожырауға бет алуы мүмкіндігі айқын құбылыс. Осыдан діни тұрақтылық әрбір орта, қоғамның әлеуметтік-саяси құрылымдарының өзара үндестік, үйлесімге құрылған қарым-қатынастарының, рухани-мәдени қуатының, адам ресурсы деңгейінің жалпылық сипаты басым сауаты мен ғылым-білімі қарым-қабілетінің, діни наным сенімінің бірегей таза негіздерінен нәрленуі үдерісінің ұдайы қалыпты қамтамасыз етіліп отыруының жалпыға бірдей қолжетімділігі мен осылардың жалпы қоғамдық ой-сана және геосаяси ықпалдастықтар тудырып отыратын күнделікті мәселелерге үкіметтік құрылымдардың дер кезінде бір жолата дұрыс, сауатты бағыт беріп отыруына да байланысты болады. Бұл діни тұрақтылықтың әлеуметтік, саяси-экономикалық, рухани-мәдени өмірге өрілген негіздеме, айғақтарының дін қағидалары мен ұстын-негіздерінің жемісі ретіндегі қасиетті сенімнің әлеуметтік, саяси, мәдени-экономикалық айналымда, қоғамдық қатынастарда бас таразы қызметін атқаруына әруақытта да үнемі телулілігін көрсетеді. 

Ия, сенімсіз өсіп-өркендеу үдерісі қоғамдық қатынастардың игі бастамашыл әрекетінің үнемілік қуатынан әсерленіп, шынайы қолдау таба алмайды. Әлеуметтік зерттеулердің әлемдік тәжірибесінің айғақты нәтижелері көрсеткеніндей мемлекет пен дін арасындағы қиғаш қатынас салдары тұрғындардың өмір мәнінің ақиқатынан көз жазып қалуына, соңында ғылыми-техникалық прогресті адам игілігіне жұмсауға емес, керсінше адамды оның құлына айналдыруға алып барады. Батыс мәдениеті «өнер тек өнер үшін» қағидасына да біршама орын  берді. Шығыс мәдениеті үшін өнер адамға тәрбие құралы ретінде қызмет етіп, Құран талабы көрсеткендей биік мақсаттарға жетуі үшін қажет. Мұнан Батыс мәдениеті мен Шығыс ой-мұратының өзіне тән көздегені бар екенін көреміз. Бірінде, Шығыс мәдениетінде адам жанын аялы тәрбие нысаны етіп алса, екіншісінде ол есепке алынбайды. Адамның өзін өзі құрметтеу мүмкіндігі барда мұны ойға алмау, елемеу мүмкін емес. Барлық кілтипан осы арадан басталады. Жоғарыда көрсеткеніміздей мұның салдары саяси-экономикалық құрылымдар тегергіш-реттеушісі үкімет пен әлеуметтің, халықтың қалыпты үйлесім табуы орнамай қалады. Халық, қоғам жанды дүние, оған сенім тән. Сенім жеке тұлғадан жалпы қоғамға қызмет ету деңгейіне өтуі тиіс. Сонда ғана оның әлем тегергіші ретіндегі жалпы қоғамды қамту, қозғау, бағыттау, бағалау, ондағы дұрыс-бұрысты анықтау, жақсыны, ақиқатты әділдікті қолдау мүмкіндігі артады. Мысалдардан көріп отырғанымыздай Батыс мәдениетінде  адамның орны белгісіз, онда адамды машина ретінде көру басымдық алған. Батыс мәдениеті  деген шарттылығы басым өркениет өзегі  бос тұрған суперавтоматтандырылған жансыз, ешқандай игеруге көнбейтін «монстрға» айналуды көздейді. Оның мақсат-мұраты адам қоғамынан тыс жатыр. Европа тарихында постмодернизмнен (ХҮғ.) бастау алған дін мен мемлекеттін бір-бірінен ірге ажыратуы атаулы кезеңдегі христиан ілімінің (дінінің) біржола түбегейлі дағдарысқа ұшырауына әсері. Дағдарыс 2000 ж. басындағы Иса (а.с.)-ның Исраил ұрпақтарына жеткізген қасиетті илаһи мәтінге түрлі көзқарас білдірген Рим билеушілері мен шіркеу иелерінің қасиетті Кітап ретіндегі мәтінді илаһи факт, шынайы ақиқат ретінде мойындамауынан басталды. Арадағы уақыт қайғы-қасыреттен өзге ештеме ұсына алмағанын христиан мәдениеті өкілдері әлі күнге дейін жарыса жазып тауыса алар емес. Европаға қонбай кеткен «бақ құсындай»  әсіре сенім оған қайта оралуға орын қалмағанындай күй кешетін сыңайлы.

Дін мен мемлекеттің бөлінуі дін ақиқатынан адамдарды алыстатып, ғылым ақиқатын ғана материя ұғымын түсіндіру жолы деп тапты. Шындығында қасиетті кітаптарда  материя «жер мен көктің» жаратылуы бірінші кезекте айтылады. Қосақтаулы «қос ақиқаттың» (шартты қолданыс) тамыры жалғыз жаратушы күш - Алла тағаладан келіп тұрғаны талас тудырмайтын шындыққа айналды. Осы шындықты мойындап, асыл ақиқаттың адам, қоғам ортасындағы игілендіру қызметін өз орнына қоймай ешбір ел, ұлт, мемлекет береке, бірлік таппасы анық. Басқаша айтқанда діни тұрақтылық ел, ұлт, мемлекет, дамуының кепілі қызметін атқаруы үшін діни сенімнің өзегі бір, тамыры қоғамға терең орныққан ел, ұлт, мемлекет қастерлі құрмет пен қолдауға ие барлық әлеуметтік топты қамти алуы тиіс.  Діни тұрақтылық негіздері дегенде осы сенім феноменінің (діни сенім) қоғамдағы орнын белгілеу мен онын игілік көздерін ашу, оның әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени өндірістегі өрісіне табиғи тамырлану мүмкіндігін беру және оған кері ықпал ету саясатының әсерін болдырмау құралдарын тетіктерін жасап, қадағалаушы, қорғаушы амалдарды іске асыруды айтамыз. Бұл адам қоғамы, адамды арашалау бірінші кезекте оның сенімін, яғни дүние жаратылысына көзқарасын дұрыс қалыптырып, тәрбиелеу, оның адам болмысының сеніммен тығыз байланыстылығын, сабақтастығын ескеруден басталатынын мойындау.

Дін тұрақтылығы ел, ұлт, мемлекет дамуы мен өсіп-өркендеуінің бірегей кепілі. Қоғам өмірі ел, ұлттар мен ұлыстар, түрлі нәсілдер мен әдет-ғұрып, салт-дәстүр, діни конфессиялар аралық қатынастарсыз болмайды. Геосаяси ықпалдастықтар аясын барынша түрлендіріп, кеңіте түсетін күнделікті тұрмыс-тіршілік талаптары өз дегеніне жету жолында түрлі айла-тәсілдердің жаңаша үлгілері мен көпжақты мәнге ие амал-әрекеттерді де туындата беретіні шындық. Мақсаты қалыпты ұғымдар мен қатынастарды керек жағдайда өз мүддесіне сай жұмыс істету тетігін салып, оны қандай да бір жолмен іске асыра алу мүмкіндігіне ие болу. Аты белгісіз замандардан демократиялық аталған адам, қоғам қатынастарын реттеуші топтама-ілгерішіл бастаманың бас статьяларының бірі саналатын «азшылық алдында көпшілік мүддесінің жоғары  қойылу» талабы қасиетті кітаптардан бастап күллі әлемге белгілі болса да оны «либералдық» қанаттың қолдаушылары ығына жығып беру соның жарқын мысалы. Әуелде айтқанымыздай  адам миссиясы шынайы ақиқаттан өзге бағытқа жиі ауысар болса, және ол жеке біреулердің ғана коммерциялық мүддесін көздесе, онда ол міндетті түрде өзге қоғамның бірінің тұрақтылығына нұқсан келтіреді. Таяу Шығыс елдеріндегі діни тұрақсыздық осындай әрекеттің заңды салдары. Демек діни тұрақтылықты қалыптастыру мен  қорғау өмірлік мәні зор әлем деңгейіндегі әділ қарым-қатынастарға телулі құбылыс.

Сонымен діни тұрақтылық деп айдарлап отырған мәселе ішкі және сыртқа гео ықылымдық, жалпы адамзаттық дүниетаным мен олардың аралас-құралас қатар өмір сүру шындығында көзден де көңілден де қалтарыс қалып жататын түйіні күрделі буындарда пайда болатын «жаман ісік» сияқты шікәмшіл  құбылыс. Әдетте мұндайға дер кезінде ем табу қиынның қиыны. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дейтін қазақ мақалы не нәрсенің де алдын алғанды жөн санау пайымының дұрыстығын көрсетсе керек. «Жау кеткен соң қылышыңды тасқа шап» - дегендей ел, ұлт, мемлекет құрушылардың ата-бабаларынан мирас болған отанын қорғау борышы да діни тұрақтылық тамырларын, негіздерін тарихи-әлеуметтік ортада қасиетті ұғымдар, ұлы құндылықтар қатарында әспеттеп, елдің, ұлттың көзінің қарашығындай сақтауға пейіл биік мұратына айналуы тиіс. Діни тұрақтылықтың негізгі негіздерінің бірі саналатын осындай қасиетті ұғымдар ұлттың арына, намысына, ожданына  барабар биік қадір-қасиеті тым қымбат бағаланатын ұстаным екені рас. Діни тұрақтылық болмай ілгерілеу,  прогресшіл жаңа ойлар, адамгершілік, гумандылық, ұлттар мен мемлекеттердің шынайы сеніммен қатар өмір сүруі мүмкін емес. Олай болса бұл мәселе күнделікті өмір талабы ретінде жаһандық қарым-қатынастар мен мемлекеттің әрбір кезеңдік бағдарлама, жоспарларында мәні аса зор мәселе ретінде айрықша көңіл бөлініп, мемлекет қарауында боуы шарт.

Таяу Шығыс пен Орта Азия, Түркия елдері мысалдары көрсетіп отырғандай, Қазақстан, Евразиялық аймақ та одан тыс емес, діни тұрақтылықтың сыртқы күштердің ықпалына берілгіш  ахуалы діни ұғымына ислам әлемінің терең мәнімен сәйкес ұғындырылуы барынша біржақты  жалаң дақпырт, сыртқы көрінісі ғана бар да ішкі мәні ашылмаған күйде қалып келгенін көрсетеді. Оның қоғам өмірінен, адам тағдырынан, ел, ұлт, мемлекет  тұрғындарының тұрмыс-тіршілігінен, ой-санасынан оқшау өмір сүре алмайтыны анық бола тұрып және ол ел, ұлт, мемлекет  тағдырына  түрлі күштер қауіп төндіре бастаған да үкіметтің діни тұрақтылықты қамтамасыз етуіне қауқарсыздығы мәселенің әлемдік мастшабтағы кеңістікті толық жайлағанын, түрлі айла-әрекеттерін бірнеше ғасырлар бойы ойластырғандар ертеңгі күні, жақын болашақтарда оны үстемдік құралына айналдыра алатындарына кәміл сенгендігі аман қалу мен аман қалдырмауды мақсат тұтатындардың өз амал-әрекеттеріне қаншалықты дайындығы болғанын, қала берді өз мақсат-мұраттарына, өздеріне тиесілі жауапкершілікке "адалдығын" да көрсетіп тұр.

А.Төлегенов,

ОҚО «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0