Шымкенттегі медицина мекемесінде жатқан емделушілер дәрігер өз міндетіне жауапсыз деп шу шығарды. Бұл туралы «NewTimes.kz» ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Оқиға жұқпалы аурулар ауруханасында орын алған. Наразылық танытқан аналар бұл жағдайды видеоға түсіріп, желіге таратып жіберді. Желідегі жазбаға сүйенсек, үш күннен бері аураханада ем қабылдап жатқан науқастарға бірде бір дәрігер келіп қарамаған. Алайда медицина қызметкерлері шағым айтқан аналардың «аузын жаппақ» болып, палаталарына кіруді бұйырады. Дегенмен науқастар дәрігер келмейінше, палаталарына кірмейтінін айтады. Наразылық білдірушілердің әрекетін көрген желідегілер аталған ауруханада мұндай оқиға қалыпты жағдайға айналғанын айтып ашынды. Ал енді бірі Шымкенттегі барлық аураханада ақша бермесең, дұрыс емделе алмайсың дейді.
«Жұқпалы ауруханада расымен де сондай. Ақша бермесең қарамайды. Жағамды ұстадым. Құдай сақтасын бұл ауруханадан!», «Шымкенттің барлық ауруханаларында осындай. Тек танысын болса немесе ақшамен қарайды. Бұл мәселе қашан шешілерін ешкім білмейді. Халық айтып-айтып қояды деп отыр», «Біздегі барлық аураханада осы. Ақша беріп немесе таныс іздемесең, ондағылар қимылдамайды» деген қолданушылар Денсаулық министрлігі қайда қарап отыр деп қынжылды.