Шымкенттегі құс фабрикасы өндіріс қуатын кеңейтуде
Азық-түлік нарығындағы тұрақтылық отандық өндірістің мүмкіндігіне тікелей байланысты. Әсіресе күнделікті тұтынатын өнім түрлерін жергілікті жерде өндіру ішкі нарықтың қажеттілігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады, деп хабарлайды ИА «NewTimes.kz».
Шымкентте осы салада жұмыс істеп жатқан «АйМар Құс» кәсіпорны 2021 жылы құрылып, негізгі қызметін тауық жұмыртқасын өндіруге бағыттады. Бүгінде кәсіпорын өндіріс көлемін ұлғайтып, жергілікті нарықтағы өнім үлесін арттыруға күш салып отыр. Кәсіпорынның қазіргі өндірістік қуаты жылына 100 млн-нан астам жұмыртқа өндіруге мүмкіндік береді. Өндірістің осы деңгейге жетуімен қатар, алдағы кезеңге арналған жоспар да айқындалған.
2026 жылы тауықтарды асырауға арналған қосымша екі цехтың құрылысы басталды. Жаңа нысандарды 2027 жылы іске қосу жоспарланып отыр. Бұл өндіріс көлемін одан әрі арттыруға жол ашпақ. Өндірісті кеңейту туралы сөз болғанда, мұнда тек ғимарат пен құс санын көбейту жеткіліксіз. Жұмыртқа өндірісінің тұрақтылығы құстың күтімінен бастап, ветеринариялық бақылауға дейінгі тұтас жүйеге байланысты.
Фабрикада тауықтарды асырауға арналған цехтар автоматтандырылған. Өндірісте германияның компаниясының жабдықтары пайдаланады. Бұл технология құстарды азықтандыру, суару және басқа да өндірістік процестерді белгіленген тәртіппен жүргізуге мүмкіндік береді. Ал ветеринариялық бақылау жұмыстары білікті мамандардың қатысуымен тұрақты жүргізіледі.
Өнім сапасын бақылау жұмыртқа алынғаннан кейін басталмайды. Кәсіпорында бұл жұмыс құсқа берілетін жемнен қолға алынады. Жем құрамына кіретін әрбір дақыл арнайы зертханада тексеріледі. Өндірілген жұмыртқалар да зертханалық бақылаудан өтіп, оның нәтижесіне сәйкес дүкен сөрелеріне жөнелтілетін өнімге ветеринариялық құжаттар рәсімделеді.
Кәсіпорын өнімінің сапасы мен өндіріс талаптарына қатысты «Халал» сертификаты да алынған. Өнімнің сапасын қамтамасыз етумен қатар, оны тұтынушыға жеткізу мәселесі де өндірістің маңызды бөлігі. Қазір кәсіпорын өнімдері Шымкент қаласына, Түркістан облысының бірқатар қалалары мен аудан орталықтарына, сондай-ақ Қызылорда және Тараз қалаларына жөнелтіледі.
Кәсіпорынның қазіргі стратегиясы алдымен жергілікті нарықты сапалы әрі қолжетімді өніммен қамтуға негізделген. Ішкі нарықтағы қажеттілік толық қамтамасыз етілгеннен кейін ғана шетелдік нарыққа шығу жоспарда бар. Бұл жоспардың жүзеге асуы өндірістік қуатқа тікелей байланысты. Сондықтан кәсіпорынның инвестициялық саясаты да өндірісті кеңейтуге бағытталған. Құс фабрикасының жұмысы жергілікті халықты еңбекпен қамтуға да ықпал етіп отыр. Бүгінде мұнда 120-дан астам адам жұмыс істейді және олардың басым бөлігі – жергілікті тұрғындар.